Ұрлық. Көлеңкелі бизнес. Мұның бәрі ойынқұмарлықтың салдары. Мәжілісмендер заңды қатаңдатпаса, соңы жақсылыққа соқтырмайды, деп дабыл қақты. Лотоматик, әсіресе, жасөспірімдердің ермегіне айналған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Әр дүкеннің кіреберісінде тұратын сары жәшіктерге, шынымен де, ешкімнің қауқары жетпей ме? Бұл жәй ғана ойын ба, әлде лудоманияның бастауы ма?
20 жастағы Елжас 50 миллион теңгені бәске тігіп жіберген. Бар ақшасынан ұтылған соң, көзі әке-шешесінің баспанасы мен көлігіне түседі. Абырой болғанда, дер кезінде өзіне маман көмегінің керектігін мойындап орталыққа жүгінген.
"Мектептің соңғы сыныптарында ойнай бастадым. Университетте оқып жүргенде көп ақша тіктім. Маған ойыннан алатын әсер ұнайтын. Көзімнің жыбырлап, қолымның дірілдегені бір бақыт сыйлайтындай болды. Кейін анама маған емделу керектігін өзім айттым. Ол бірден қолдай кетті. Ойынды қанша жастағы адамның ойнап отырғанын ешкім білмейді. Ешқандай шектеу де, қадағалау да жоқ. Егер бар болатын болса, менің жасым жиырмаға енді келді, маған әлі де ойнауға болмайды",- дейді Елжас.
Осыдан 1 ай бұрын Мәжілісте талқыланған бұл мәселе әлі шешімін таппай келеді. Жастарды жолдан тайдыратын сары терминалдардың көзін құрту керек, дейді депутат.
"Лоторея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар түрлі қылмыстардың туындау көзіне де айналып отыр. Ұрлық жасау, жең ұшынан жалғасу, көлеңкелі бизнес және тағы басқаларының да түпкі себебі осында жатыр. Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардың бюджетке де салық төлемейтіндігі айдан анық", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Елжас сияқты өзіне ем керектігін мойындайтындар тым аз. Оны редакциямызға келген хаттардың бірінен байқауға болады. Хат иесі "Лудоманияға шалдыққан жарым қарызға әбден батып, отбасымыз ойран болды", дейді.
"Жарнама өте көп. Лудоманияға шалдыққан адам қояйын десе де телефоннан, радиодан, теледидардан, инстаграмнан, ғаламтордан қайта-қайта есіне салып тұрады. Айқай-шу, қол көтеру сол үшін болып жатады. Қарызға батты. Шоттары бұғатталды. Түгі қалмады. Қазіргі уақытта қарызын төлеп жатыр. Жұмыстан тапқаны қарызына кетті. 4 баламыз бар", - делінген хатта.
Психолог "бала отбасынан іздеген махаббат пен тыныштықты осы ойыннан алады. Адам жеңбеген ауру жоқ, оған мұндай қиын кезеңде тек жақындарының қолдауы керек", дейді.
"Менің тәжірибемде лудомандардың емделуге келуі өте қиын, көбіне өзінің ауру екенін мойындамайды. Жәй ғана ойын деп жүре береді. Адам өз өзін жеңе алуы керек. Егер дер кезінде қолдау көрсетпесе, адам өз өзіне қол салуы мүмкін", - дейді психолог Родика Александровна.
Қазір елімізде 5000-ға жуық ойын автоматы бар. Бұл тек ресми тіркелгендерінің саны. 2017-ден бері саны 20 мыңға азайған. 2028 жылға дейін 1200-ін ғана қалдыру жоспарда. Ойын бизнесіне жауапты Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, алдағы жылы заңға бірқатар өзгеріс енгізіледі.
"Жаңағы 55 түзетуді көздейтін заң жобасында қазіргі қолданыстағы заңда 21 жасқа дейін тиым салынған болса, 25 жасқа дейін көтерілетін болады. Және 90 күннен жоғары кредиттік қарызы бар тұлғаларға, соттың шешімі бойынша біріңғай борышкерлердің тізіміне енген азаматтарды шектеу көрсетілген. Лоторея қызметі туралы заңына сәйкес лотореялар мен лото клубтардың орналасуына ешқандай тиым салынбаған", - дейді ҚР Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін үйлестіру және лотерея қызметі басқармасының басшысы Ғалымжан Мустафаев.
Лудоманияға әкеп соқтыратын сары апараттарды желіде сатып алу да оп-оңай. Бағасы 80 мың теңге. Сатушымен байланысқа шығып, айына қанша табыс түсетінін сұрадық. Айтуынша ол аппаратқа тіпті өзің ойлағандай баптау орнатуға болады екен. Яғни сіздің ұту не ұтылуыңыз көңіл күйіңізге, тактикаңызға, жолыңыздың болғыштығына да емес, дәл осы баптаудың қандай болғанына байланысты.
Қаланың әр бұрышында тіпті аялдаманың ішіне дейін үймелеп тұр бұл сары жәшіктер. Барыңызды берсеңіз де тапқаныңызды тартып алудан бас тартпайды. Жолыңызда жолықса, бірден айналып өткеніңіз дұрыс. Қалтаңызды бір қағып алса, екінші рет еріксіз келесіз. Есіңізде болсын, тегін нәрсе тек тышқанның торында ғана!