Бүгінге жоспарланған сот процесі аяқталып, бірнеше куәгерден жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өткен сотта куәгер Дана Жақсыгелді жауап берді.
Оның сөзінше, "Қамажай" дүкені маңында болған қанды оқиғадан соң күдіктілер көлікпен "777" дүкеніне аялдаған. Дана Жақсыгелді сол уақытта күдіктілердің бірінің қолынан пышақты көргенін жасырмады.
– Автокөлікте отырған кезде көліктің алдыңғы орындығында мылтық тұрғанын көрдім. Одан кейін біз 777 дүкеніне бардық. Оған Шыңғыс, Нұрқияс, Эльмира кірді. Эльмира Dizzy сусынын алып шықты. Оны көлік капотына қойды. Сосын Абзал оны маған "бере салшы" деді. Еңкейіп тұрған. Қолын сүртіп тұрғандай болды. Сосын әкеле жатқанда "құя салшы" деді, мен құйдым. Басында байқаған жоқпын, кейін пышақтың жүзін байқадым, – деді куәгер.
Мемлекеттік айыптаушы куәгерден бұл пышақты кім және қайда тастағанын бастырмалай сұрады.
– Одан кейін біз көтеріліп, Т.Рысқұлов ауылына қарай шықтық. Себебі, сол жаққа қарай "тартылыңдар" деп бір-бірімен сөйлесіп жатқан. Сол кезде жолдан бір жерге тоқтап, Шыңғыс деген бала жаңағы мылтық пен пышақты алып түседі. Қайтып келгеннен кейін қолында ештеңе болмады, – деп сөзін жалғастырды Дана Жақсыгелді.
Бұған дейін екінші куәгер қыз мылтық дауысын өмірінде бірінші рет естігенін жеткізсе, тағы бір куәгер Эльмира Нұрбекова қылмысты неге полицияға хабарламағанын айтқан еді.