Шерзат Полаттың өліміне байланысты іс бойынша сот отырысында айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нұрбол Тоқтаубаевтың адвокаты сот залында айыпталушының тергеуде берген жауабын оқып берді.
"Тергеушінің сұрағы "Сіз Шерзат атты баланың жасы 16-да екенін білдіңіз бе?". Жауап: "Жоқ, білмедім, сұрамадым". Сұрақ: "Сіз Шерзат атты баланы бұрыннан танисыз ба?" Жауап: "Жоқ, оқиға болған күні бірінші рет көрдім". Сұрақ: "Ініңіз Азамат пышақты қайдан алды?" Жауап: "Мен білмеймін". Сұрақ: "Сіз не себепті достарыңызды шақырдыңыз?" Жауап: "Таяқ жеп қалмайық деп көмекке шақырдым", - деді адвокат.
Тергеуші айыпталушыдан не себепті Шерзат Полатты ұрып-соқтыңыз деп сұраған.
"Ол досым Дарханды ұрып-тастағаны үшін одан кек алып, оны ұрып-соқтым", - делінген Нұрбол Тоқтаубаевтың тергеуде берген жауабында.
Нұрбол Тоқтаубаев тергеуде берген жауабын қолдамайтынын айтты.
"Талғар бөлімшесінде жауап алу барысында қысым көрсетілді. Полиция қызметкерлері ұрып-соқты. Ол жайлы бірнеше арыз жазған болатынмын", - деді сотталушы.
Айта кету керек, бұған дейін Шерзат ісіндегі судья блогерлер мен желі қолданушыларына ескерту жасағанын жазғанбыз. Сотта айыпталушылардың марқұм Шерзатты ұрып-соққан сәті көрсетілді.