Тыңдалым сот материалдарын зерделеу жұмыстарымен жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот отырысы дәл осы уақытта тікелей эфирде өтуде.
Сотта мемлекеттік айыптаушы тергеу кезінде анықталған деректерді бірінен соң бірін жариялады. Сонымен қатар, сот процесінде куәгер Дана Жақсыкелдінің тергеу кезінде берген жауабы бейнежазба арқылы көрсетілді.
Куәгердің сөзінше, төбелес дүкеннің алдында басталған. Ол оқиға орнынан мылтықтан басқа суық қару көрмегенін жеткізді. Десе де, "777" дүкенінің алдында айыпталушы Абзал Шынасылдың қолынан пышақ байқаған.
– Абзал маған "қолыма "диззи" құйып жіберші" деді. Сол сәтте оның қолынан үшкір пышақты байқадым, – деді куәгер Дана.
Бұл туралы ол соттағы жауап алу сәтінде де айтқан еді. Бұл жайтты кеше жауап алынған күдікті Шынасыл Абзал да растады.
Сотта жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың бейнежазбасы да назарға ұсынылды. Онда Нұрымов айыпталушы Нұрқиястың қолында мылтық болғанын, ол мылтықпен Шерзат Полатты ұрып жатқанын көргенін айтты. Оның сөзінше, Нұрболдың қолынан пышақ көрген, сондықтан да өзі де пышақ алуға мәжбүр болған.
Бейнежазбада Нұрымовтың қолындағы пышақ нақты көрсетілген. Сараптама қорытындысына сәйкес, пышақтың жалпы ұзындығы – 30, ені – 20 сантиметр.
– Нұрбол пышақ алып шыққан соң, мен де қолыма пышақ алдым. Бірақ бұл сәт бейнежазбаға түспеген, – деді Қаржаубай Нұрымов.
Десе де, көрсетілім кезінде сотталушылардың бірі Нұрымовтың қолындағы пышақтың ол пышақ емес екенін, ол пышақтың сары түсті болғанын алға тартты. Ал "Дүкенде басқа пышақ болды ма?" деген сұраққа Нұрымов "Дүкенде мен білетін бір ғана пышақ болуы керек" деп жауап қатты.
Бұған дейін күдікті Дидар Қалиахмет соттан өзін шындық детекторымен тексеруді сұраған еді.