Шерзат Полаттың әжесі соттағы жауап алу сәтінде де жағдайының болмай тұрғанын бірнеше рет айтқан еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"...Менің ол кезде жүруге әлім болмады, қазір де соны айту үшін әзер тұрғаным бар" деген Жұмабике Қадырованы сот процесінде де жақыны қолтықтан ұстап тұрды.
Соттың әділ жаза кесуін сұраған ол жауап бергенде де көз жасына ерік берген болатын. Сол уақытта ұлы Қаржаубай Нұрымов араша түсіп, айыпталушылардың қорғаушыларының негізсіз сұрақтар қойып жатқанын алға тартты.
16 жастағы жасөспірімнің әжесі соттағы жауаптарынан соң, денсаулығы нашарлап, өзін жайсыз сезінген. Куәгерлердің сөзінше, есінен танып қалған Жұмабике Қадырованы жедел жәрдем көлігі әкеткен.
Осыған дейін Марқұм Шерзаттың әжесінен сотта жауап алынғанын хабарладық.
Сондай-ақ, Жұмабике Қадырованың Шерзаттың өлігін көргенін, айыпталушының қорғаушысымен сөзге келіп қала жаздағанын жаздық.
Шерзат Полаттың әжесі соттың жауап алу барысында айыпталушылардың бірін кешіретінін айтып қалды.