Шетел азаматтарына міндетті тіркеуді алып тастау керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Алматыны әлеуметтік-экономикалық дамытуға арналған отырыста айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инвестициялық және туристік әлеуетін арттыру мақсатында шетелдік азаматтарды міндетті тіркеуді алып тастау керек екенін айтты.
"Егер біз шынымен ірі қалаларымыз бен жалпы еліміздің инвестициялық және туристік әлеуетін арттырғымыз келсе, көші-қон полициясында міндетті тіркеу сынды анахронизмнен арылуымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.
Оның пікірінше, міндетті тіркеу шетелдіктерге ыңғайсыздық тудырып қана қоймай, жемқорлыққа апарар негізгі жол. Ал бұл еліміздің беделіне нұқсан келтірері сөзсіз.
"Кедендік бақылаудан өту фактісінің өзі – миграциялық тіркеу. Үкімет осы мәселені жаңа жылға дейін шешуге тиіс",– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.