Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері сирек кездесетін Алтай рауғаш өсімдігінің екі қабын алып бара жатқан жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлайды altaynews.kz.
Тергеу барысында ұсталған азамат Қызыл кітапқа енген рауғаш түрін Сібе көлдерінің маңында орналасқан таулардан жинағаны анықталды.
"Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер түрлерімен заңсыз айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ұлан ауданының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды",–- деп хабарлады ШҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Сағат Мәдиев.
Алтай рауғашы негізінен Алтай, Тарбағатай және Сауыр тауларында кездеседі. Жемісі – домалақ, қара түсті жаңғақ, тағамдық әрі дәрілік өсімдік. Таралу аймағының азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.