Шығыста биыл тағы да қуаңшылық

571

Шығыс Қазақстандағы шаруалар үшін биылғы жаз да онша қолайлы бола қоймады.

Шығыста биыл тағы да қуаңшылық Фото: Ашық дереккөзден

Жер көктеп, шөп нағыз қаулап өсетін уақытта жаңбыр жаумады. Соның салдарынан шабындық қурап, төрт түліктің қысқы азығын дайындау шаруалар үшін қиынға соғуда. Қысылған ел шөпті көрші Жетісу, Павлодар облыстарынан тасып жатыр. Ал осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған алыпсатарлар болса мал азығының бағасын ерекше шарықтатып жіберді.

Алтайдың алты ай қысы мұндағы шаруаларға оңай тимейді. Алғашқы қар жауғаннан бастап қорада тұратын төрт түлік көктемнің бел ортасы ауғанша жайылымға шықпайды. Яғни, шығыстағы шаруаларға сәуір болмай, тәуір болмайды. Сол үшін мал баққан ел бар шөптің шашауын шығармай жинауға тырысады. Бірақ соңғы жылдары жер жақсы көктемей, көптің көңілін көншітпей тұр.

"Мына жерде 15 тіркеме шөп тұр. Әлі 10 тіркеме шөп керек. Былтырғы шөбім қыста аз болып қалды. Былтыр малда көтерем көп болды. Бұл шөп мәселесі қиын болып тұр. Біраз қинайды", - дейді Ұлан ауданының тұрғыны Арман Табыс.

Соңғы үш жылғы қуаңшылық жерді де тоздырып барады. Кеуіп қалған топырақтан бұрынғыдай жұмсақ шөп өспейді. Ал шыққан шөп аз. Селдір.

Мал азығынан қысылған шаруалар алыпсатарлардың айтқан бағасына келісуге мәжбүр. Өйткені, өздерінің өзге жақтан әкелуге мүмкіндігі жоқ. Оны түсінген делдалдар Жетісу мен Павлодар облыстарынан шөп тасып, күннен-күнге бағаны қымбаттатып барады.

"Осы малмен ғана күн көріп отырғанбыз. Міне жан-жақтан әкеліп сатып жатыр. Сатып жатқан шөп қымбат. Мың бір жүзден дейді, бір кішкентай түгі. Оның 16-18 килограмм арасында ғана салмағы бар дейді. Оны өлшеп алмаймыз ғой біз бағалап әкелгеннен кейін. Руллон бағасы 16 мың. Енді жиырма беске көтеріліп кетті дейді", - дейді Айыртау ауылының тұрғыны Қозыбек Қамзин.

Шығыста 800 мыңға жуық мал бар. Айтарлықтай өсім болмағандықтан төрт түліктің саны былтырғымен шамалас. Оларға жалпы 840 мың тонна жем-шөп қажет. Дәл қазіргі уақытта оның 35 пайыздайы ғана дайындалған.

"Жем-шөп жеткіліксіз болған жағдайда, біз аудандық әкімдіктермен жұмыс жүргіземіз. Орман шауашылықтарындағы жерлерді және қосымша пайдаланатын жерлердің бәрін ауылдық тұрғындарға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге шабуға беруге", - дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова.

Бұл өңірде өткен жылдары да шөп жетіспеушілігі болды. Соның салдарынан төрт түлік көтерем болып, қаншама тұяқ қырылған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу