"Эмоциямды ұстай алмадым": Шығыс Қазақстанда байқамай балағаттаған ауыл әкімі халықтан кешірім сұрады

332

Шенеунік әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. 

"Эмоциямды ұстай алмадым": Шығыс Қазақстанда байқамай балағаттаған ауыл әкімі халықтан кешірім сұрады Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылдық округінің әкімі Қуаныш Төлеухан тұрғындарды балағаттағаны туралы желіде ақпарат тарады. Әкімге қатысты тәртіптік жаза қолданылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ауыл әкімі болған жайттан кейін халықтан кешірім сұрады. Оның айтуынша, оқиға қоғамдық кеңес отырысы кезінде болған.

"Белгісіз адамдар отырысқа кедергі келтірді. Эмоциямды ұстай алмай, бейәдеп сөз айттым. Ауылдық округ тұрғындарынан кешірім сұраймын", – деді Қуаныш Төлеухан бейнеүндеуде.

Облыстық әкімдігі мемлекеттік қызметкердің этика нормаларын бұзғаны үшін қатаң шара қолданылатынын мәлімдеді. Мемлекеттік қызмет істері департаменті тәртіптік іс қозғағаны белгілі болды.

Бұдан бөлек Зайсан аудандық полиция бөліміне және облыстық полиция департаментіне әкімнің әрекетіне байланысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы өтініш жолданған.

Полиция мәліметінше, 36 жастағы ауыл әкімі Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының (Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу) бойынша жауапқа тартылмақ. Іс материалдары сотқа жіберілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу