СҚО-да жылдамдықты асырғаны үшін бір күннің ішінде 70 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеуде. Операцияның алғашқы күні облыс жолдарында 500-ден аса құқық бұзушылық анықталды.
"Барлық қабылданған шаралар жолдардағы тәртіпті нығайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне септігін тигізеді. Көбіне жол қозғалысы ережесіне мән бермейтін, жол-көлік оқиғасына қатысы бар деген жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге профилактикалық жұмыстар күшейтілді", – деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Жедел-профилактикалық іс-шара кезінде патрульдік полиция экипаждарының саны көбейтілді. Бұл күндері жолдарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда, сондай-ақ елдімекендерде қызмет атқаратын 119 автопатруль жұмылдырылды.
Жылдамдық режимін арттырғаны үшін бір күннің ішінде 70 жүргізуші жазаға тартылды. 14 адам масаң күйде рөлге отырған. Жеті автомобиль жүргізушісі – көлік құралын басқару құқығынан айрылғандар. Қауіпсіздік белдігін тақпаған 81 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды.
Жолдағы тәртіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер де де жазаланды. СҚО-да бір күннің ішінде белгіленбеген жерден жолды кесіп өтудің 84 фактісі анықталды.
Айып тұрағына бес автокөлік қойылды.