5 тамызда СҚО Қарақоға мен Надежка ауылдарының арасындағы жолдың шетінде екі адамның мәйіті мен балалар арбасында жатқан сәбиді тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оқиға орнынан полиция қызметкерлері осы ауданның 38 және 35 жастағы тұрғындарын, ер адам мен әйел адамның мәйітін тапты.
Сондай-ақ оқиға орнынан алыс емес жерде балаларға арналған қоларбада жатқан кішкентай бала табылды. Ол жедел жәрдем көлігімен орталық аудандық ауруханаға жеткізілді. 2022 жылы туған бала жарақат алмаған. Қазір бала орталық аудандық ауруханадағы балалар бөлімінің бақылауында.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Образец ауылында жол апатының белгілеріне ұқсас сыртқы зақымдары бар Toyota Land Cruiser автокөлігі анықталды. Автокөліктің жүргізушісі, (көліктің иесі) Петропавлдың 39 жастағы тұрғыны ұсталды. Жауап ала келе ер адам екі жаяу жүргіншіні қағып кеткенін және оқиға орнынан кетіп қалғанын айтты", делінген ПД хабарламасында.
Жүргізілген медициналық куәландыру Тoyota Land Cruiser жүргізушісінің мас екенін көрсеткен.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы"), 347-бабы ("Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу") және 119-бабының 1-бөлігі ("Қауiптi жағдайда қалдыру") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды, тергеу жүріп жатыр.