Смайылов елдің шағымын бір папкаға түптеп Үкімет отырысына ала келді

551

Еліміздегі жылу электр станциялары енді төрт мезгіл тексеріліп, ақауы болса аямай айыппұл салынады. Және бақылауды әкімдік емес, Үкіметтің өзі жүргізуі тиіс. 

Смайылов елдің шағымын бір папкаға түптеп Үкімет отырысына ала келді

Мұндай бастаманы Энергетика министрі Ақшолақов көтерді. Премьер-министр бұл ұсынысты құп көріп отырған сияқты. Себебі, осы кезге дейін "бәрі жақсы" деп келген өңір басшыларына енді сенбейтін сыңайлы. "Жағдай біз ойлағаннан да нашар" деді. Дәлел ретінде елдің шағымын бір папкаға түптеп Үкімет отырысына ала келіпті. 

"Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Қыстың ортасына кеп, Үкімет жылуды әлі жыр ғып отыр. Жылдағы жағдай тағы қайталанды. Бірақ бұл жолы ауқымды. Әйтпесе қыркүйек те бәріне сақадай саймыз дегені есте. Сөйтсек Екібастұз бен Риддердегі апатқа жалған ақпарат себеп болыпты. 

"Өңірлердегі нақты жағдай, бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді. Бізде қыс айлары өте қатал. Және апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ саны жағынан да ауқымы жағынан да мұндай болған емес", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Электр орталығының бірінші басшыларына айыппұл салу ұсынылды

Өңір әкімдерінің бос екенін Энергетика министрі де өз баяндамасында анық аңғартты. Алайда, бұлай жалғаса берген жөн емес. Сондықтан жылу электр станцияларында тексерісті күшейту қажет. Тек қыс-күз емес, төрт мезгіл қадағалануы тиіс. Ол үшін алдымен Кәсіпкерлік кодекс шеңберінен шығару ұсынылды. Әйтпесе Президенттің бизнеске жариялаған мораторийынан кейін жылу орталықтарын тексеру мүмкін болмай қалды. Ал бақылауды әкімдік емес, жауапты ведомство жүргізсе деген ұсыныс айтылды. 

"Магистралдық жылу желілерін бақылауды әкімдіктерден министрліктің энергетикалық қадағалау комитетіне беру көзделіп отыр. Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексте айыппұлдарды ұлғайту және оларды кәсіпорынның бірінші басшыларына салу бөлігінде энергетикалық бақылауды күшейтуге бағытталған салалық тәсілдерді қолдау қажет", деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов. 

Ірі апаттан кейін Ақшолақов еліміздегі 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізген. Соның 19-ы қызыл аймақта тұр. Әсірсе Өскемен, Рудный, Теміртау, Ақтау мен Павлодар аса күрделі жөндеуді қажет етеді.  Ал Семейдегі жылу орталығы сылап-сыйпағанға көнбейді. Қайта салу керек. Жалпы тозығы жеткен станцияларға 182 млрд теңге қаражат есептелді. 

Министр 12 нысанға ақша мемлекеттік бюджеттен, 22-сіне меншік иесі өздері бөлсе деген ұсыныс айтты. Ал, мемлекетке қайтаруға әзірге асығыстық жоқ. 

"Екібастұз жылу электр орталығының иелері оны бір теңгеге қайтарып беруді ұсынды. Бірақ біз оны қандай күйде қайтарғысы келетінін түсінуіміз керек. Олар қағазда көрсеткен бүкіл қаражат жылу электр орталықтарына жұмсалды ма? Соның бәріне мұқият аудит жасау қажет", деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Аудитті көп кешіктірмей, келесі жылдың бірінші тоқсанында жүргізіліп, қорытындысы шығарылуы тиіс. Содан кейін қандай формада мемлекет меншігіне өтетіне белгілі болады. Бұған қоса, кінәрат үшін кәсіп иелері де, өңір әкімдері де жауап береді. Скляр осыған сенімді болуға шақырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу