Смайылов министрлерге: "Қолымнан келмейді десеңіздер, орынды босатыңыздар"

512

"Халыққа жаны ашитын, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз". Үкімет басшысы Әлихан Смайылов командасындағы министрлерге осындай ескерту жасады. 

Смайылов министрлерге: "Қолымнан келмейді десеңіздер, орынды босатыңыздар" Фото: primeminister.kz

Екі күн бұрын Президенттің сынына ұшыраған Үкімет құрамында осалдарға енді орын жоқ деді премьер-министр. Өзі де кетпеді, өзгелерін де лауазымнан айырмады. Керісінше, бүгінгі жиналыста  әдеттегіден көп сөйлеп, тапсырманы үйіп-төкті. 

"Президент жүктеген міндеттерді орындауға бар күшімді саламын", деді Ә.Смайылов.

"Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын десеңіздер қазірден орынды босатыңыздар! Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз", деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, Тоқаев "Жаңа жылға ескі үкіметпен аяқ басуға бола ма?" деп қазіргі кабминнің қауқарына күмәмен қараған еді. Алайда, премьер ғана емес, өзге министрлер де өздеріне сенімді.

Министр: жылу желілерін жаңарту үшін 14 жыл және 2 трлн теңге керек

Айтпақшы, инудстрия министрі Екібастұздағы оқиғадан кейін елдегі жылу желілерінің жағдайына анализ жасап келіпті. Тозығы жеткен құбырларды ауыстыру үшін, Өскенбаевтың сөзінше, 14 жыл уақыт пен 2 трлн теңге қаражат керек. Сөйтіп, 2037 жылға дейін ескі жылу желілері алмастырылады деп сендірді. Ал  премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр болса Екібастұздағы апаттың салдарын жұрт асыра сілтеп жатыр дейді. 

Оқиға орнында болып, пәтерлерді аралап шыққан вице-премьердің сөзіне сенсек, бүкіл қала қатып қалды дейтіндей жаппай апат болған жоқ.

Скляр: Екібастұз тұтас қатып қалды деу - қате

"Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты  үй бар. "Қатып жатқан Екібастұз" деген сөзді үш шағын ауданға қаратып айтса болады. Иә, бұл өте көп  5100 пәтер. 13 мың тұрғын 7-10 күн бойы жылусыз қалды. Бірақ, 79 үйге бірінші күні жылу берілді, ал 70 үйде жұмыс жалғасып жатты. Келісетін шығарсыздар, 689 бен 70 үй деген әр түрлі сандар. Тағы да қайталап айтам, бүкіл қала қатып қалды деу дұрыс емес", деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу