Халықаралық сауда статистикасында сәйкессіздік бола береді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық семинарда Еуразия экономикалық комиссиясы статистика департаментінің директоры Елена Борушко осылай деді.
"Мұның объективті әдіснамалық себебі бар. Біз экспорт пен импорттың ағынын әртүрлі бағалаймыз. Сауданың түрі, тәсілі көп. Сондықтан бұған түсіністікпен қарау керек. Сауда статистикасында алшақтық емес, қолдан жасалған бұрмалау болса, бұл – проблема. Ал біз сөз етіп отырған мәселе проблема емес", – деді ол.
Оның сөзінше, халықаралық сауда статистикасында бекітілген норматив жоқ.
"Дерек пен дәйекте 10-20% алшақтық болуы мүмкін. Еуразия экономикалық одағы аясында бұған жол бермеуге тырысып жатырмыз. Бұл үшін одаққа мүше мемлекеттердің арасындағы сауда-саттықты ерекше бақылауға алып отырмыз", – деді департамент директоры.
Сарапшының сөзінше, кейде бұл мәселені статистикаға қатысы жоқ адамдар ушықтырып жібереді.
"Статистердің өздеріне осыған қатысты сұрақ қойылса, олар мәселенің мән-жайын түсіндіріп береді", – деді Елена Борушко.
Естеріңізге салайық, Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика 2018 жылы 6 млрд долларды көрсетті. Бұл бұған дейінгі жылмен салыстырғанда 900 млн долларға немесе 13%-ға кем көрсеткіш.
Бұл туралы вице-премьер-қаржы министрі Әлихан Смаилов:
"2017 жылмен салыстырғанда ақша айналымы 900 млн долларға кеміген. Көрсетілген қаражаттың жартысынан көбі Қазақстаннан өтетін қытайлық тауарының транзитінен түседі. Мұны Қытай тарапы өз әдіснамасы бойынша Қазақстанға жөнетлігне тауар деп жазады", – деді
Қанат Махамбет