Баспанасыз, тұрақты жұмысы болмаса да ауылға барғысы келмейді. Ақшадан тарыққан студенттер сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрайды.
Облыстағы тұрғындардың үштен бірі, яғни 248 мыңы жастар. Ресми статистика бойынша солардың 2,9 пайызы жұмыссыз көрінеді. Алайда, іс жүзінде жас буынның көбісінің тұрақты еңбек орыны жоқ.
"Көптеген жастар жеңіл ақша табуды қалайды, осы орайда әлеуметтік желі арқылы ақша тапқысы келіп, ойындарға құмарланады, немесе тұрақты жұмысқа орналасқысы келмей уақытша қызметтер атқарады", дейді Студент Диана Әзімханова.
Ауылды барып көркейтемін деген жас маманның да қатары сиреді. 2021 жылы "Дипломмен ауылға" жобасына 558 түлек қатысса, былтыр 496 адам ниет білдірген. Қоғамдық даму басқармасы басшысының айтуынша, қазір жастарды материалдық мәселелер көбірек толғантады. Тұрақты табысы мен жұмысы жоқ, айлығы аз жандар қаржылай қиындықтар кешіп жүр.
"Қостанай облысының жастары қоғамдық-саяси мәселелерден гөрі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, оның ішінде тұрғын үй, жұмыс, оқу құны және мемлекеттік білім беру гранттарының саны сияқты сұрақтарға көбірек назар аударады", дейді Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев.
Аудандардағы студенттерге жазғы демалыста пайда табудың бір жолы Жасыл Ел жастар жасағына қосылу. Алайда, кей әкімдер бұл мақсатқа ақша бөлуде сараңдық танытып, бюджетте қалған-құтқанын береді.
"Жылдың басында қаражат қарастырған жоқпыз, наурыз айында өтетін сессияда қаражат бөлінеді", дейді Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов.
Ал, белсенді жастар "Жасыл ел" секілді жасақтар көбірек құрылса деп өтінеді. Тек жазды күні тазалық, абаттандырумен ғана айналыспай, жыл 12 ай еңбек етуге жағдай жасалғанын қалайды.
"Ол үшін жастар еңбек отрядтарының бірнеше бағытын айқындауға болады: құрылыс, педагогикалық, ауылшаруашылық қызмет көрсету, құқықтық, медициналық бағыттар. Бұл ақша табуға ғана емес, сонымен қатар кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік алады", дейді студент Диана Әзімханова.