“Судың да сұрауы бар”: Шілдеден бастап Астанада ауыз су тарифі қымбаттайды

614

Қаладағы су құбыры мен кәріз желісінің тозу көрсеткіші 40 пайызға жеткен.

“Судың да сұрауы бар”: Шілдеден бастап Астанада ауыз су тарифі қымбаттайды Фото: inbusiness.kz

Елордада су тарифтері бойынша қоғамдық тыңдалым өтті. “Астана су арнасының” өтінімі қабылданса, ауыз су тарифі тұрғындар үшін шамамен 62 пайызға қымбаттауы мүмкін.

“Астана су арнасында” дифференциалды тариф қолданылатындықтан, ауыз су бағасы жеке тұлғалар, жылу энергиясын өндіретін кәсіпорындар, бюджеттік мекемелер мен заңды тұлғаларға бөлек есептелінеді.

Жоба бойынша ауыз су бағасын келесідей арттыру ұсынылды:

- тұрғындар үшін – 48,46 теңгеден 78,68 теңгеге дейін (өсім – 62%);

- жылу энергиясын өндіру, беру және тарату бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындарға – 152,91 теңгеден 207,59 теңгеге дейін (өсім – 36%);

- бюджеттік ұйымдар және заңды тұлғаларға – 211,55 теңгеден 274,72 теңгеге дейін (өсім – 30%) өсуі мүмкін.

Бұдан бөлек кәріз құбыры жүйесінің (ағынды суларды бұру және тазарту) құны да өзгеріске ұшырамақ. Оны келесідей арттыру жоспарланған:

- тұрғындар үшін – 37,73 теңгеден 60,31 теңгеге дейін (өсім – 60%);

- жылу энергиясын өндіру, беру және тарату бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындар үшін өсім 33%;

- бюджеттік ұйымдар және заңды тұлғаларға - 27%. 

Техникалық суды негізінен алғанда ЖЭО 1 және ЖЭО 2 тұтынады. Олар үшін тарифті 32,65 теңгеден 53,77 теңгеге дейін арттыру көзделіп отырған көрінеді.

Табиғи монополияларды реттеу департаментінің мәліметінше, тарифтің қаншалықты өсетіні әлі белгісіз. Себебі бүгінде “Астана су арнасының” өтінімі әлі қаралу үстінде. 

“Маусым айының ортасында тарифті бекіту туралы шешім қабылдауды жоспарлап отырмыз. Тариф 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Су бұру және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту үшін қосымша инвестициялар қабылданбақ. Кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын арттыру да қарастырылмақ. Сонымен қатар субъектінің балансына берілген жаңа желілер бар, коммуналдық кәсіпорын оларды ұстау бойынша шығыстарды өз мойнына алады.  Бұл факторлар тарифтің өсуіне әсер етеді. Сондай-ақ биыл электр энергиясының өскені белгілі. “Астана су арнасы” үшін бұл стратегиялық тауар болып есептелінеді. Өз кезегінде ол да тарифтің өсуіне ықпал етеді”, - деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті қалалық департамент басшысы Қанат Құлназаров. 

Коммуналдық кәсіпорын басшылығының сөзінше, бюджеттің бәрі тариф арқылы ғана толтырылады. 

“Осы жылдың наурыз айында тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізілуіне байланысты және Мемлекет басшысының тарифті инвестицияларға айырбастау бағдарламасын орындауға байланысты 4 бағытта тарифті көтеру мәселесін көтеріп отырмыз. Біріншісі – инвестициялық бағдарламаны ұлғайту. Екінші – 2020-2022 жылдары қабылданған объектілерді пайдалануға жұмсалған материалдық шығындарды қосу. Үшіншіден, электр энергиясының құнының 2022 жылдан бастап орта есеппен 30 пайызға өсуі. Төртінші бағыт – орташа жалақыны салалық статистикалық деректер деңгейіне жеткізу”, - деді “Астана су арнасы” ШЖҚ МКК бас директоры Табиғат Зейнулқабден. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу