Жинақты музейге Мыната Қалдыбаев есімді ардагер ұстаз 1982 жылы сыйға тартқан.
Құнды кітапты жақында музей қызметкері Асхат Сайлау архивтен тауып, көпшілікке ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
- Биылғы жылы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды түгендеу және зерттеу жұмыстары кезінде Абай Құнанбайұлының өлеңдер жинағы табылды. Кітапты 1982 жылы ардагер ұстаз Мыната Қалдыбаев музей қорына сыйға берген. Кітап 2005 жылы қайта жаңғыртудан өткен. Содан бері музей қорындағы сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың коллекциясы тізімінде сақталған. Кітаптың жалпы аудармасын өлкетанушы, журналист Жұмабай Байзақұлы жасады, - деді Қызылорда облыстық тарихи-өлкентану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, түркітанушы, ғалым Серікбай Қосанов "бұл кітап 1922 жылы "Қазан" баспасынан қазақтың ақыны Бернияз Күлеевтің жинақтауымен жарияланған нұсқасы болуы мүмкін" деген жорамал жасайды.
Сондай-ақ ол Абайдың Ордада сақталуы қисынды екенін, 1922 жылдан соң ұзамай, қазақ астанасы Ақмешітке қоныс аударып, Қызылорда Алаштың рухани орталығына айналғанын айтады.
Кітаптың кейбір беттері жоғалған, кейбір бетінде жазу жоқ. Жинақ 13 бөлімнен тұрады. Кітаптың жалпы аудармасын жасап жатқан өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы кітапты сақтап қалу мақсатында көшірмесін жасауды сұрайды. Әйтпесе, құнды кітап қолдан-қолға өтіп, жазуларға зақым келе ме деп алаңдайды.
- Мен дәл осы кезде тәжімалау жұмысымен айналысып отырмын. Әр оқыған сайын мазмұны өзгеріп жатыр. Өкінішке қарай, кітаптың кейбір беті сақталмаған. Ол тұтынушыдан болды ма, әлде кітап солай шықты ма, нақтысын білмейміз. Кітап 13 бөлімнен тұрады, Абайдың 1 поэмасы, 102 өлеңі жинақталған. Соңғы бөлімінде орыс ақындары А.Пушкин, И.Крылов, М.Лермонтовтың 39 өлеңінің қазақша аудармасы бар. Яғни, 102 өлеңнің 39-ы – аударма. Атап айтқанда "Онегиннің сыны", "Татьянаның Онегинге жазған хаты", "Қарға мен түлкі", т.б. шығармалары.
Мен жауаптыларға өлеңдер жинағын араб әрпінен қазақша аудармасын жасауға, сондай-ақ кітапты сақтап қалу мақсатында көшірмесін жасатуға байланысты ұсынысымды айттым. Бұл кітап әлі де көп зерттеуді қажет етеді, - дейді ол.
Бұған дейін Қызылордадағы С.Айтбаев атындағы Көркемсурет галереясында авторы белгісіз Абай Құнанбайұлының портреті сақтаулы тұрғаны руханияттағы ерекше жаңалық болған еді. Тарихшылар облыста сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың қорын ақтарса, әлі де тың жаңалықтардың шығатынына сенімді.