Сыр елінің Орталық Азиядағы агроөнеркәсібі ең дамыған аймаққа айналуға қауқары бар

Ол үшін Оңтүстіктегі екі ауданға мақта егу керек. 

Сыр елінің Орталық Азиядағы агроөнеркәсібі ең дамыған аймаққа айналуға қауқары бар Фото: Бағдат Есжанов

Сыр өзені сарқылып, су тапшылығы туындап жатқанда мұндай пікір айту қаншалықты дұрыс?

Inbusiness.kz тілшісі инженер құрушы Бекназар Әбсадықовпен әңгімелесіп, тың идеяларын тыңдады.

Кейіпкеріміздің сөзінше, Алаштың анасы атанған Сыр елін өркениет талабына сай қайта жаңғыртуға болады. "Мақта егу арқылы ауылдарды сақтай аламыз" деген Бекназар ақсақал өңірдегі су тапшылығын да ескеріп отыр.

"Жеміс пен көкөністер ерте жетілетін және мақта плантациясына қолайлы облысымыздың оңтүстік, жылы Өзбекстан шекарасына жақын бір-екі ауданның тың жері игерілсе, Сыр елі Орталық Азияда агроөнеркәсіптік ең дамыған аймақтың біріне айналады. Түркістан облысы мақтаны азайтса, есесіне Қызылорда облысында мақта егіп, бос жүрген халықты жұмыспен қамтамасыз ету зиянды болмас деймін. Яғни мақташылық ел бесігі – ауылдардың дамуына ықпал етіп, оны жойылудан сақтайды. Ауыл дала табиғатында ұлттық қанымыз сақталады", - деді ол.

Шыны керек, өңірімізде соңғы жылдары суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру жалғасып келеді. Мұның бәрі су тапшылығынан туындап отыр. Осындай күрделі кезеңде суды "жұтатын" мақта өсімдігін өсіру қаншалықты дұрыс саналуы мүмкін.

"Бұдан бес ғасырдан астам бұрынғы "Бабырнама" кітабында Сейхун суы Түркістаннан алыс төменінде құмға сіңіп тамам болуы туралы жазылған. Әрине, құмға сіңіп тараған су көл суына қарағанда тез буланып кетеді. Сондықтан енді әрбір тамшы суды үнемдеп пайдалану керек. Тіпті су сағасындағы елдерде әрбір гектар егін алқабына дейін кіші арықтар да бетондалған. Бұдан су үнемдеумен қатар жыл сайын арық тазалау қол жұмысынан біржола құтылады. Енді біз де осы тәсілмен бетон арықты қолдансақ, егін алқабын кеңейтіп, мол өнімге ие боламыз.

Сыр бойында агроөнеркәсіп – негізгі тіршілігіміз. Бірақ жылы егінге жайлы облысымызда агроөнеркәсіпті дамыту үшін мол су қажет. Бұрын жыл сайын ерте көктемнен бастап Сыр суы тасып, алыс Қызылқұм аралығына дейін жайылған заман бүгіннен алыстап артта қалды. Ал, бүгінде сол Сырдың суы сарқылып, су тапшылығынан жұмыссыз ауылдар тоқырап, агроөнеркәсіптік дағдарыс бой алды. Енді солтүстік ішкі суларымызды пайдалану кезеңі келді", - деп сөзін жалғастырды ол.

Сонымен қатар, Бекназар Әбсадықов Құдайдың берген олжасы – мол суды құр босқа ысырап етіп жатқанымызға налиды. Қар суы мен жаңбыр суын уақытылы жинап алу Сырдария өзеніндегі су сарқылуының алдын алмақ.

"Сарыарқа алқабын басқан қалың қар жыл сайын көктемде еріп, тасқын сулар елді мекендерді басып, әбігерге түсіп қаламыз. Бұған тағы тынымсыз жауған жаңбыр да қосылды. Сел қауіпсіздігі тек арық жүйелері арқылы сақталады. Құдайдың берген бұл олжасын құр босқа ысырап етпей, арық жүйелері арқылы жиып, қажеттікке пайдалану керек. Әрі жыл сайын табиғат апатын жоюға кететін миллиардтаған шығыннан біржола құтыламыз. Ал, енді жасап алған бұл суымызға кім қарсы болар екен? Бұл сарқылған Сырдың орнын басады", - дейді кейіпкер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу