Сырдарияның деңгейі жылдағыдан әлдеқайда төмен түсіп кеткен

2087

Биылғы егін маусымы оңайға соқпайын деп тұр.

Сырдарияның деңгейі жылдағыдан әлдеқайда төмен түсіп кеткен

Сыр өңірінде күріш егу науқаны басталды. Көктемнің ерте келуімен биыл диқандар да ерте дән септі. Шаруалар биыл 88 мың гектар жерге дақыл егуді жоспарлауда. Олар күріштің янтар, лидер, маржан сорттарын өсіруге басымдық беріп отыр. Арзандатылған жанар-жағармай мен тыңайтқыштар қажетті мөлшерде жеткізілді.

Дегенмен, ырзық-несібесін жерден табатын диқандар үшін егін маусымы оңайға соқпайын деп тұр. Күрішшілерді алаңдатқан мәселе судың жайы. Сырдарияның деңгейі жылдағыдан әлдеқайда төмен түсіп кеткен. Сондықтан, жазда егістікке су жеткізу қиынға соғатынын мамандар да ашық айтып отыр.

"Март айынан бастап дарияға келетін судың көлемі секундына 350-400 текше метр болатын. Сондықтан біз март, апрель айында шабындық жерлерді, көлдерді толтырып алатынбыз. Биылғы жылы сол судың көлемі 90-100 кубтан асқан жоқ. Оны жасырмауымыз керек. Су тапшы болады", – дейді "Қазсушар" өндірістік учаскесінің директоры Жорабек Нұрымбетов.

Оның үстіне биыл Шардара мен Көксарай су қоймаларына қажетті мөлшерде су жиналмауы да мәселені тіптен күрделендіріп жіберуі мүмкін. Себебі, ондағы су қоры өзеннің деңгейін ала жаздай ұстап тұра алмайтыны анық.

Сырдарияның жағасында егінін егіп, тіршілік еткен қызылордалықтар суға келгенде өзгелерге тәуелді болып тұр. Сондықтан, су мамандары ерте көктемде дабыл қағып, күріш егістігін жылдағыдан 13 мың гектарға азайтуды сұраған. Су тапшылығы болуы мүмкін, деген ескертуге қарамастан, Сыр маржаны былтырғы межеде егілді. Бірақ, сарқылып аққан дария егіс алқабына түгелдей жете ме? Осы сауал көпті алаңдатады. 

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу