Тағы да алаяқтар: Бұл жолы "ҚазМұнайГаз" ескертеді

858

Цифрлы технологияларды меңгерген алаяқтар ұлттық компаниялардың атын жамылып, халықты инвестиция салып, оңай жолмен ақша табуға шақырып жүр.

Тағы да алаяқтар: Бұл жолы "ҚазМұнайГаз" ескертеді

Интернетте, атап айтқанда Google, Yandex іздеу жүйелерінде, YouTube және өзге де әлеуметтік желілерде "ҚазМұнайГазға инвестиция салып, жоғары табысқа кенел" деген желеумен жарнамалар жаппай таратыла бастаған, ол сілтемелер алаяқтар құрған арнайы сайттарға бағыттайды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықты құрығына түсіру үшін алаяқтар жасақтаған сайтын "ұлттық компаниялардың ресми сайты", сондай-ақ "қаржылық" немесе "инвестициялық" компаниялардың веб-ресурстары ретінде көрсетеді. Бұл жалған қаржылық компаниялар белгілі бір сомаға ҚазМұнайГаздың акцияларын сатып алуды ұсынып (мәселен, 127 мың теңге), бір-екі айда "ай сайын 8 500 долларға дейін инвестициялық табыс алып тұр" деген желеумен қызықтыруға тырысады.   

Ал бұл әрекеттері нанымды болуы үшін олар ұлттық компаниялардың осыған дейін жарияланған ресми бейнероликтерін қайта дыбыстап қолданады. Нәтижесінде, алаяқтардың сайтына өткендер компания атауы бірнеше рет қайталанатын, кәсіби дыбысталған жалған бейнеролик тамашалайды.

Алаяқтық сайттардың алгоритмдері ұқсас. Әдетте олардың дерекқоры жоқ және тұрақты HTML сайттар болып келеді. Бұл оларды USB дискіне көшіріп, бір доменнен екіншісіне оңай тасымалдауға мүмкіндік береді. Дегенмен мақсатты аудиторияның сұранысына байланысты мәтінді жылдам ауыстыра алатын, дерекқорды кең, заманауи бағдарламалық құралдарды қолданатын динамикалық сайттар да кездеседі.

Бұл жалған сайттардың атауы .com секілді халықаралық аймақтарда тіркеледі. Мысалға kazmynai-gaz.com, kz-finvesting.com және butterflyexpect.com сайттарын келтіруге болады. Одан бөлек алаяқтар сайттарын тақырыптық домендерде де тіркеуі мүмкін: tiddley.work, kz.dahod.shop, investor-test.top, trainman.store, delaying.store/kz.

Сайттардан бөлек, алаяқтар қолданған 6 мобильді қосымша анықталған. Олар да ұлттық компания атын жамылып, "KazMunay Invest", "КазМунайГаз", "KazMunay Club Invest", "КазИнвест" секілді түрлі атаумен жұмыс істеген.

Қазақстанның құқық қорғау және басқа да құзыретті органдары осы секілді алаяқтық жолмен ашылған ресурстарды анықтап, олардың жолын кесу бойынша жұмыс атқарып жатқанын айтады. Дегенмен интернеттегі алаяқтардың ізіне түсіп, кінәліні анықтау қиын. Ол сайттар көп жағдайда шетелдік мекенжайларға тіркелген болып шығады. Сондықтан құқық қорғау органдары, қаржы ұйымдары, ұлттық компаниялар азаматтарға алаяқтардан сақ болуды ескертеді.

"ҚазМұнайГаз" бұл мәселе бойынша Қаржы мониторингі агенттігіне (АФМ) және Ұлттық банкке өтініш жолдады. Өтініш Ішкі істер министрлігіне берілді. Нәтижесінде, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Есіл аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. ҚазМұнайГаз осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде барлық деректерді ұсынды. Қазіргі уақытта аталған құқық бұзушылыққа қатысты күдіктілерді анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру шаралары жүріп жатыр.

Компанияның қызметі туралы сенімді ақпарат тек www.kmg.kz сайтында  және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда жарияланады.

Қазақстандықтар сондай-ақ 1459 нөмірі арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып, тұтынушы ретінде құқықтық кеңес ала алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу