"Талап қатаң болады": Инвестиция тарту бағытында әр министр мен әкімнің жұмысына баға беріледі

672

Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. 

 "Талап қатаң болады": Инвестиция тарту бағытында әр министр мен әкімнің жұмысына баға беріледі Фото: akorda.kz

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Инвесторларға, мысалы, 50 миллион доллардан көп қаржы салуға дайын ірі компанияларға "бір терезе" қағидасымен жан-жақты қолдау көрсеткен жөн. Сонымен қатар, жобалардың іске асырылуын қадағалайтын тиімді мониторинг жүйесін іске қосу керек. Мемлекеттік органдар пайдасы жоқ презентациялар мен іс-шаралар өткізумен әуестенбеуге тиіс. Мекеме басшыларының шетелге жасаған әрбір іссапары нақты нәтиже беруге тиіс. Сапар қорытындысы бойынша Үкімет басшылығына, немесе, қажет болған жағдайда Президентке есеп берілуі керек", - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты кедергілер, әсіресе, аймақтарда жиі болып тұрады.

"Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал, аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді немесе біржола тоқтатуға мәжбүр болады. Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек", - деп жалғастырды Президент.

Барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс, деді ол.

"Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек. Мәселе штат санын көбейтіп, жұмыс тобын құрып, жаңа тұжырымдама жазуда емес. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тәсілін өзгертетін нақты реформа. Соны дұрыс түсіну қажет. Біз жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылаймыз. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береміз. Талап қатаң болады", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу