Талдыкөл Қасымбекке Көлгіновтен қалған мұра ма?

398

Басынан дау арылмаған Талдыкөл. 

Талдыкөл Қасымбекке Көлгіновтен қалған мұра ма? Фото: inbusiness.kz

Жылдарға созылған шудан кейін Жоғарғы сот бірнеше бөлікке бөлінген көлдің нөмірі жетінші аймағын қалдыруға рұқсат берді. Әуелде көпшілік қарсы шықса да, дес бермеген Көлгінов ақыры Талдыкөлді тарылтып, дегеніне жетіп бір-ақ кетті. Бірнеше жыл құрылыс компаниялары суды насоспен сорып, үстін құммен жабуға барынша тырысып бақты. Ал жаңа әкім Жеңіс Қасымбек "соңына жетпей қоймаймыз" деп отырған эко-белсенділермен қайта-қайта кездесіп, Алтай Көлгіновтың бүлдіріп кеткен "шала" істерін қалпына келтіруге тырысып бағып жатқанға ұқсайды.

Сөйткен әкім уәдесінде тұра алмады. Керісінше, келемежге айналып, видео әлеуметтік желіге тарап кетті. Кіші Талдыкөлді қалдыру оның ойында да болмады ма дерсің осындайдан кейін. Өйткені, көлді кептіру жұмыстары 2020 жылы-ақ басталып кеткен. 

"Біз әкімдіктен жауап ала алмағаннан кейін соттасуға мәжбүр болдық. Басты талап  мұнда су қорғау аймағын салу болатын. Қала әкімдігі тек жетінші аймақты қалдыруға рұқсат берді. Кейін Жоғары сотқа жүгіндік. Бірақ олар да тек бір участокты қалдыру туралы шешім шығарды. Сот бұл нысандарды ерекше қорғалатын аймақ десе де, қыруар қаражат жұмсалып үйлер салынып тастағаннан кейін оған тиіспеу керек деген шешім шығарып отыр. Яғни, сот өз-өзіне қарсы шығып отыр. Нысан қорғалған болса, онда оның маңына автоматты түрде суды қорғау аймағы салыну керек еді", дейді адвокат Асқар Қалдыбаев.

"Кіші Талдыкөлге қатысты айтарлықтай жылжу жоқ деп айтуға болады. Өйткені, бірнеше рет кездестік. Тапсырма беріледі. Бірақ айтылған сөз сол жерде қалып қоятын сияқты. Он бесінші наурызда құрылыс жұмыстарын тоқтата тұру туралы тапсырма берілген. Ол не үшін қажет еді? 200-ге жуық участоктегі жағдайды анықтау үшін. Көлді қаншалықты сақтап қалуға болатынын анықтау үшін. Бірақ тапсырма орындалған жоқ. Керісінше, одан сайын қарқын ала бастады. Жеңіс Қасымбек біздің тыңдауға қарсы емес", деді эколог Руслан Оразалиев.

Яғни, әкімдік Кіші Талдыкөлдің қалған аймағын сақтап қалуға құлықсыз сияқты. Ал бесінші және жетінші аймақта эко-парк салынады. Астана әкімдігі сайтында жарияланған жоба осындай. Яғни, балалар ойнайтын алаң, демалып отыратын орындар мен фонтандар болады. Әкімдіктің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы рекреациялық аймақты салатын компанияны да таңдап қойған. Атауы "SHEBERBUILD" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мемлекеттік сатып алу сайтында келісімшарты тұр. Сомасы да белгілі  4 млрд 744 миллион теңгеден астам қаражат.

"Рекрационный зонаны жасау жұмыстары басталып кетті. Ол жердің аумағы 30 гектар. Ол Сығанақ көшесі мен Қазбек би, Бағланова көшесінің қиылысында болады. + 00 51 Сол жердің суын сақтайық деп отырмыз. Яғни, ол жерде кішкентай-кішкентай прудтар жасап, суын шығарып астынан, суы бар өзінің, сол суды бетіне шығарып, эко жүйесін сақтап қалуға біз сондай жобасын жасап жатырмыз", деді Қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.

Эко-белсендінің айтуынша, Астана тұрғындарын тек Талдыкөл емес, әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі де қатты алаңдатады.  Әкімдік "Ашық үкімет" сайтына бас қаланың 2035 жылға дейінгі Бас Жоспарын жариялаған. Ол жерге әкімдік уәде еткендей эко-парк те енген. Одан бөлек, Нұра ауданында әлеуметтік нысандар санын көбейту де қарастырылыпты. Бәрі жоспарлағандай жүзеге асса, 3 мектеп, 3 балабақша мен бірнеше медициналық ұйым салынбақ. Ал Талдыкөл мәселесі әзірге осылай ғана шешілген сияқты. Жеңіс Қасымбекке ол жерді көлге айналдыра алмаса да шөлге айналдырмау ісі жүктелгендей. Бірақ қазіргі әкімге әлі босаңсуға негіз жоқ сияқты. Өйткені Астананың қақ ортасында Көлгіновтың көзіндей боп ЛРТ да тұр әлі күнге аяқталмай. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу