Тараз қаласының аумағындағы каналдар мен ирригациялық жүйелер толық пайдаланылмай отыр

2045

Себебі 15 жылға дейін жөндеу көрмеген каналдар бар, біразына қамыс өсіп, арықтарға қоқыс толып қалған. Тағы бір мәселе – су жүйелерінің үстіне заңсыз құрылыстар салынып кеткен.

Тараз қаласының аумағындағы каналдар мен ирригациялық жүйелер толық пайдаланылмай отыр

Жалпы, Тараз қаласының аумағында 12,7 шақырым ұзындықты құрайтын 2 дренаж каналы бар. Сондай-ақ, "Сеңкібай", "Қапал", "Үшбұлақ", "Қарасу-1", "Қарасу-2", "Төрегелді", "Базарбай", "Түйте" атты 8 канал бар, олардың жалпы ұзындығы 82,55 шақырымды құрайды. Ирригациялық арық жүйелерінің жалпы ұзындығы – 164 шақырым, оның ішінде лоток жүйелері – 21,4 шақырым.

Сала мамандары биыл қаланың ирригациялық жүйелерді тазалау жұмыстарына бюджеттен 150 миллион теңге бөлінгенін айтады. Оның 40 миллион теңгесі арық жүйелерін тазалауға жұмсалатын болса, құбыр өткелдерін тазалауға да осынша сома, каналдарды механикалық тазалауға – 60 миллион, "Қант зауыты", "Төрекелді" каналдарының арнасын тазалауға – 6 миллион, "Қант зауыты", "Қарасай" алқаптарындағы арық жүйелерін, құбыр өткелдерін тазалауға 4 миллион теңге бөлінген.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, елімізде Тараз сияқты 8 каналы бар қалалар кемде-кем. Демек, көне шаһардың ирригациялық жүйесі өте жақсы, яғни каналдар, арықтар көп, бәрі бір-бірімен байланысқан.

"Бірақ облыс орталығының бұл мүмкіндігі молынан пайдаланылмай отырғандықтан, шаң көтеріліп, көк қурай бастауда. Биыл осы мәселені қолға алып, 32 шақырым каналды жөндеп бастадық. Бұл жұмыстарды 4 компанияға тапсырдық. Басты мақсат – лоток қазып, арықтарды тазалап, оларға су жүргізу және тиімді пайдалану. Осылайша, халықты толғандыратын мәселе шешілуі тиіс", - деген ол жұмыс істемей тұрған скважиналарды ретке келтіріп, жер асты суларын пайдалану да аса маңызды екендігін атап өтті.

Жергілікті әкімдіктің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің айтуына қарағанда, бұл проблемаларды шешу үшін жұмыс жоспары 4 бағытқа бөлінген екен. Оның алғашқысы – ирригациялық жүйелердің, судың көлемінің, қажеттілігінің есебін толық жүргізіп, құнын есептеу. Екінші – су жүйесін реттеуге кедергі келтіріп отырған заңсыз құрылыстарды зерделеу. Үшінші – жағалауларға демалыс орындарын салу. Төртінші – "Зербұлақ" өзенінің бойында заманауи демалыс орнын ұйымдастыру.

"Осы мәселелер бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізіп, бір айдың ішінде тиісті орындарға нақты ұсыныстар беретін боламыз. Жалпы, Тараз қаласында 7000 гектар суармалы жер бар, каналдар мен арық жүйелерін оңды пайдалана білсек, соның жартысына көкөніс егіп, қала тұрғындарын қамтуға болар еді. Өкініштісі, сол жүйелердің үстіне үйлер, тұрмыстық құрылыстар салынып кеткен", – деді жауапты маман.

Ал тараздық ардагер сушы Берік Нұралиевтің пікірінше, кезінде жекешелендіріліп кеткен, шаһардағы каналдар жүйесінің күре тамыры іспеттес "Түйте" каналын мемлекет меншігіне өткізу қажет. Өйткені, бұл канал шекарада орналасқан екен. Онда мемлекет басшысының резиденциясы да бар. Ондай канал жекеменшікке берілмеуі керек.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу