Ташкентте 2010 жылға дейін шығарылған көліктерді тізгіндеуге тыйым салынбақ

470

14-15 жылдан асқан темір тұлпарлар жарамсыз боп қалады.

Ташкентте 2010 жылға дейін шығарылған көліктерді тізгіндеуге тыйым салынбақ Фото: Евгений Сорочин / Spot

Өзбекстан билігі мұндай қадамға экологияны сақтау үшін барып отыр. Алайда бұл жаңалық жүргізушілерді қуанта қоймады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Одан өзге көрші ел көліктерді "тақ және жұп" күндері жүргізу ережесін де тәжірибе ретінде қолданып көрмек.

Ташкент тұрғыны Санжар Шатуляганов 2019 жылғы көлігімен нәпәқасын тауып жүргендердің бірі. Күндіз жұмыс, кешкілік және демалыс уақыттарында такси қызметін көрсетеді. Яғни, осы темір тұлпарымен отбасын асырап жүр. Соңғы ұсыныстар оны қуантпады.

"Бұл жаңалық Санжардан өзге шығарылғанына 14 жылдан асып кеткен көлікті тізгіндеп жүргендердің көпшілігін алаңдатты, ашуландырды, әбігерге салып қойды. Ешқайсысының еңбекпен тапқан мүлігін жарамсыз етіп, тастай салғысы жоқ. Бірақ, биліктегілер мұндай қадамға шаһардың экологиясына орасан зор зиян келіп жатқандықтан барып отырғанын айтады", - дейді Ташкент қаласының тұрғыны Санжар Шатуляганов.

"Бүгінде ірі қалаларда, оның ішінде Ташкентте атмосфералық ауаның ластануы электр және жылу энергиясы көздері, автокөлік шығарындылары көлемінің ұлғаюымен байланысты. Қалада 700-800 мыңдай көлік бар. Сырттан күніне 160 мыңнан 300-мыңға дейін машина кіріп шығады. Олардың жағымсыз әсерін азайту мақсатында тиісті шаралар әзірлеу қажет. Сондай-ақ кәсіпорындар мен жылу орталықтарында көмір мен мазутты пайдалануға тыйым салу керек",- дейді ӨР Экология министрлігінің бөлім басшысы Бахром Холхужаев.

Ресми Ташкент ескі көліктің көзін жойып, орнына электромобильді кеңінен насихаттамақ. Тіпті оны тізгіндеген жүргізушілерге жеңілдіктер де ұсынып отыр. Нақтыласам, жанармай пайдаланбайтын жүргізушілерге преференциялар мен субсидия береді. Ал, "Еуро-4" стандартына сай келмейтінін, яғни АИ-80 маркалы бензиннен түбегейлі бас тартпақ.

"Ауаны бірінші кезекте ластайтын өндіріс, кәсіпорындар емес. 60 пайыз зиянды қалдық шығаратын бұл автокөлік. Өзбекстан Үкіметі бұл қадамға мәжбүрлі түрде барып отыр. Өйткені, елде шамамен 5 млн машина бар. Оның млн-нан астамы астанада жүреді. Оның көпшілігі осы Аи-80 маркалы бензинді қолданады. Ал ол экологияға ең зиян келтіріп отырған отын", - дейді сарапшы Бахтер Эргашов.

Сондай-ақ, елде кептеліс кезінде жүк көліктерінің жүру уақыты шектелмек. Одан өзге, тәжірибе ретінде көліктерді "тақ және жұп" күндері жүргізу ережесін де енгізгелі отыр. Экология министрлігі алдағы жылдары қалада құрылыс салуға да тыйым салғысы келеді. Тек әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар нысандардан өзгелеріне рұқсат берілмеуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу