Апатпен бетпе-бет келіп, естерін әрең жиған тұрғындар аман қалғандарына "шүкір" деп отыр. Құдай сақтап, алапат тасқыннан қаза болғандар жоқ. Өңірде жағдай тұрақтағанымен, "арқаны кеңге салуға әлі ерте" - дейді мамандар. Құрылған комиссия ондаған елді-мекендегі топан судан келген шығындарды есептеуге кірісті.
Арыс қаласының тұрғыны Раманқұл Түйтебаевтың үйі "Қабылсай" табиғи арнасының дәл жанында орналасқан. Осыдан он жыл бұрын да су астында қалып қоя жаздапты. Бірақ, ол кезде ешқандай шығын болмаған. Бұл жолы сел тұрғынның қорасын құлатты. Бірақ, қызыл суды үйіне кіргізбей, алдын бөгеп үлгерген.
"Негізі кеше таңертең басталды. Қайта отбасымды тез арада қауіпсіз жерге шығарып үлгердім", дейді Арыс қаласының тұрғыны Раманқұл Түйтебаев.
Табиғи апат Раманқұл секілді өңірдегі 100 000-ға жуық тұрғынның зәресін ұшырды. Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин бүгін Түркістанға арнайы келіп зардап шеккен жандармен жүздесті. Артынша жедел кеңес өткізіп, оқиғаның себеп-салдарын талқылады. Жиында жағдайдың күрделенуіне жол бермеу және оның салдарымен жедел күресу тапсырылды. Жиындағы ақпарат бойынша 200-ден астам адам және 800-ге жуық ірі қара мал эвакуацияланған. Судың жолын бөгеу үшін инертті материалдары бар 13 мыңнан астам қап төселіпті.
"Елді мекендерді аралау жалғасуда. Жедел шараларды ұйымдастырумен құтқару бөлімшелері мен ЖАО жағдайды тұрақтандырды. Арыс қаласында бір үй су астында қалды. Елді мекендерде негізінен аула аумақтары су астында қалды, онда суды сорып шығару жұмыстары жүргізілуде", дейді ҚР Төтенше жағдайлар Министрі Юрий Ильин.
Бүгінге дейін Қаратаудың басындағы орташа қар қалыңдығы 24 мм-шамасында болыпты. Ал, нөсер оның көлемін 3-4 есеге көбейтіп жіберген. Нәтижесінде Қарашық өзені 30 см-ге көтеріліп, облыс орталығының түбінде орналасқан Шаға ауылын сарсаңға салды. Одан бөлек жаңбыр суы Арыс өзенін 12 см-ге, Сайрам өзенін 3, ал, Бөгенді 51 см-ге көтерген.
Адуыны қатты нөсер тек таулы аймақтарға ғана емес, жазық жердегі халыққа да қауіп төндіруі мүмкін. Арыс қаласы аумағындағы Қабылсай табиғи арнасы суға толған. Бірақ департамент басшысы артық судың барлығын Көксарай су реттегішіне жинай беруге болмайды дейді.
"Былтыр онда 500 текше метр көлемін де су айдағанбыз. Дәл қазіргі жағдайда одан екі есе жоғары қысым мен толтыруға тура келеді. Бұл дегеніміз қарқынды су дамбаларға зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан артық судың барлығын Сырдария өзенінің арналарына айдау керек", дейді Түркістан облыстық ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов.
Қазір облыста жаңбыр толық тоқтады. Алайда су ағыны жалғасып жатыр. Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Жағдай ерекше бақылауда. Республикалық және облыстық жедел штабтар, "жедел желі" жұмыс істейді. Бірақ нақты қанша шығын келгені белгісіз. Оны анықтау үшін ауыл-аймақтардан арнайы комиссия құрылған. Әйтеуір, атқамінерлер әбігерге түскен халықтың толық шығынын өтеп береміз деп отыр.