Тәуелсіздік күні қарсаңында жұмыс істейтін 3 мың жас баспаналы болады. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастары ісі және отбасы комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Осы жылдың басында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылын жариялаған кезде тек мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл Қазақстанда шоғырланған барлық квазимемлекеттік, жеке сектор, қоғамдық ұйымдарға жастарға қамқорлық жасауға үндеген болатын. Қазіргі уақытта бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның айқын дәлеліне бүгін куә болып отырмыз. "Самұрық-Қазына" компаниялар тобында 90 мың жас жұмыс істейді. Ұлттық әл-ауқат қоры бір жылдың көлемінде 500-ге тарта ірі шара ұйымдастырды. Ол Жастар жылына, жалпы Қазақстан жастарына қосылған сүбелі үлес деп білеміз", – деді ол "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ компаниялар тобы жұмысшыларына арналған "Jas Samuryq" жастар слеті барысында.
Сонымен қатар ол Жастар жылы тек қана бір жылдық, яғни 12 айдың көлемінде ғана ұйымдастырылатын шара еместігіне баса назар аудартты.
"Бұл – алдағы 5-6 жылдың ішінде нақты нәтижесін көру жоспарланған стратегиялық іс-шаралар. Осы шараларды жоспарлау және жүйелеу негізінде Үкімет тарапынан арнайы жол картасы дайындалды. Жол картасы жастардың өзекті мәселелері саналатын негізгі бағыттарды қамтыды. Ең біріншісі – жұмысшы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Желтоқсан айында, Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың пәтер беруді жоспарлап отырмыз. 2021 жылға дейін осы үш қалада 9 мың жас баспанаға ие болады. Әрбір отбасыда 4 адам болса, бұл кем дегенде 12 мың адамды үймен қамтамасыз етеміз деген сөз", – деді Шахмардан Байманов.
Оның дерегінше, елімізде жұмыссыз жүрген жастарды оқыту, еңбекке тартуға бағытталған "Жас маман", "Жас кәсіпкер" бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында 200 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту көзделген. Жалпы, Жастар жылы аясында 722 мың жасты жұмыста тарту жоспарланған.
"Гранттық қолдаулар да болды. 2,8 млрд теңгеге мыңнан аса мемлекеттік емес жастар ұйымы, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар қолдау алды. Олар қазіргі уақытта Қазақстан бойынша жұмыс істеп жатыр",– деді ол.