Кітап "Тәурат бес кітап" деген атаумен жарық көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақпараттық орталыққа сілтеме жасап.
Қасиетті кітап Израильден әкелінген Бехор Барухтың жалпы редакциясымен шыққан Эрец Исраэль 1997 жылғы түпнұсқасының орыс тіліндегі нұсқасынан аударылған. Профессор Нұртас Иманқұлов көп жылдық еңбегіне 5 жыл уақытын арнады.
Айта кету керек, бұл кітап Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Әлемдік діндер көшбасшыларының VII съезі қарсаңында жарық көрді.
Кітап суреттермен безендірілген 1 000 беттен тұрады. Ол дін саласының қызметкерлеріне, дінтанушыларға және дінге қызығушылық танытатын барша оқырманға арналған.
– "Тәурат" сөзінің түбірі – тәлім, тәрбие, нұсқау, заң дегенді білдіреді. Кітапты аудару кезінде терминология жағынан біраз қиындық болды. Мәселен, қазақша шапан атауларына, киім тігетін жіп түрлеріне қатысты атауларды табу оңай болған жоқ, – дейді дінтанушы.
Профессор Нұртас Иманқұлов көптеген кітаптың авторы. Олардың қатарында "Еврейлер тағылымы" және "Қазақия философиясы" басылымдары бар.