Тәжікстанға берілетін әскери мүлік теміржол көлігімен жеткізіледі

800

Парламент сенатының жалпы отырысында "Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы Өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" заңы қабылданды.

Тәжікстанға берілетін әскери мүлік теміржол көлігімен жеткізіледі

Келісімге 2018 жылы 27 желтоқсанда ҚР Президентінің тапсырмасын және тәжікстандық тараптың әскери-техникалық көмек көрсету жөніндегі сұранымын жүзеге асыру мақсатында қол қойылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат..

"Тәжікстанға әскери-техникалық мүлікті беру Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік даярлығы мен еліміздің қорғаныс қабілеттілігіне еш әсерін тигізбейтінін атап өткен жөн. Себебі берілетін мүлік біздің қоймаларымызда қажетті көлемде бар. Тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарындағы қауіпсіздік саласындағы жағдайы шиеленісуіне байланысты әскери-техникалық көмек көрсету – Тәжікстан қарулы күштерінің осы қауіптерді қайтаруға деген мүмкіндіктерін арттырады және Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін күшейтуге ықпал етеді", – деді ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.

Оның сөзіне қарағанда, тәжікстандық тарап әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқын үшінші тарапқа бермейді.

"Құжат Тәжікстан тарапына әскери мүлікті, яғни оқ-дәрілерді, авиациялық зақымдау құралдарын, артиллериялық аспаптарды, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс мүлігін, тылдық әрі медициналық мүлікті бір реттік өтеусіз беруді көздейді. Қазақстан жағы әкери мүлікті Жамбыл облысының "Отар" стансасынан Тәжікстанның Душанбе қаласына дейін теміржол көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді", – деді ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров.

Өз кезегінде сенатор Талғат Мұсабаев Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы жағдай күн сайын нашарлап келе жатқанын атап өтті.

"Есірткі тасымалдайтын лаңкестік топтар шекараны жиі бұзуда. Сондықтан тәжікстандық тарапқа осы көмегіміз өте қажет деп санаймын. Келісімді ратификациялау Тәжікстан шекарасын күшейтуге және Орталық Азия аймағын қорғауға үлес қосады деп сенемін", – деді депутат.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу