Теміртауға эколог инспектор көшіп келеді

1322

Теміртаудың жаңа әкімі экология мәселесін шеше ала ма? 

Теміртауға эколог инспектор көшіп келеді Фото: Максим Морозов

Теміртаудың экологиясы  бүгінде ел болып алаңдайтын жағдайға жеткен.  Қыста бұл шаhарға жауған қар бір сағаттың ішінде қара түске боялады. Қалаға келе қалсаңыз, ауадағы жағымсыз иісті бірден сезесіз. Теміртаулықтардың айтуынша мұнда жүрек қан тамыры аурулары мен қатерлі дертке шалдыққандардың қатары артқан. Алайда денсаулық сақтау саласының өкілдері бұл мәліметті жариялауға асықпайды. Мұның астарында онсыз да ушығып тұрған мәселені ұшырмау қажет  деген мақсат бар іспетті. Теміртауда ірілі ұсақты зауыттар көп. Соның ішіндегі ірі кәсіпорындардың бірі "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы.

Теміртауға таралатын түтіннің басым бөлігі осы металлургиялық зауыттан шығады. Теміртаулықтар металлургиялық зауыт пен жылу энергия орталығы түнгі уақытта түтінді қатты шығаратынын тіпті кейде еркін тыныстаудың қиын болып кететінін айтып қынжылады.

Жақында Теміртау қаласына Қайрат Бегімов әкім болып тағайындалған. Облыс әкімі оны жаңа лауазымға тағайындағанда бірінші кезекте аталған қаланың экологиясын жақсарту қажеттігі туралы тапсырма берген.  Әкімге бүкіл ел билігі шамасы жетпей отырған экологиялық ахуалды ретке келтіру оңайға соқпасы анық.

28 тамызда Теміртаудың белсенді тұрғындарымен  экология , геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев онлайн кездесу өткізген. Кездесу барысында министр олардың өтініші бойынша Теміртауға эколог инспекторды жіберетін болып шешкен. Инспектор қаланың экологиялық жағдайына сараптама жүргізіп , мәліметтерді жоғары жаққа жеткізіп отырады.

Бірнеше жылдан бері  тәуелсіз сарапшы , қоғам белсендісі Станислав Войцеховский Теміртауда экологияның нашарлағанын айтып дабыл қағып келеді. Ол әлеуметтік желіге зауыттардан шығып жатқан түтінді түсіріп, жиі ақпараттар салып отырады.

"Мен әр сәтте Теміртау жағдайын бейнежазбаға түсіріп, күнделік жүргізіп отырамын. Өйткені компания мамандары "ой бұл 2015 жылы түсірген бейнежазба содан бері барлығын түзеткенбіз" деп айтпас үшін осылай жасаймын. Инспектордың келгені жақсы , бірақ ол қандай жұмыс атқарады қалай экологияны бақылайды сол жағы түсініксіз.  Оның жұмысын кім қадағалайды. Бұл жұмыс шынайы болу үшін инспектордың жанына Теміртаудың бір тұрғынын жұмысқа араластыру керек. Тіпті мен осы жұмысты өзім тегін жасар едім",- деді қоғам белсендісі. 

Ал Теміртаудағы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы соңғы жылдары қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықты азайту үшін кешенді бағдарламаны жүзеге асырып жатқандарын алға  тартады.

"Бүгінде бірнеше жылға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді. Бірнеше технологиялық  агрегаттарда тиімсіз жұмыс жасап келе жатқан қондырғыларды ауыстыру қолға алынып жатыр.  Мысалы нөмірі 5-7 агломашина зонасындағы электр сүзгінің батарея циклонын  кезең бойынша үш жылда ауыстыру көзделген. Экологиялық жобаларды қолға алудың нәтижесінде соңғы 25 жылда қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды шығару 329 тоннадан 215 тоннаға дейін азайтылған",- деп мәлімдеді компанияның баспасөз хатшысы Алексей Агуреев.

Теміртаулықтар соңғы жылдары ауру сырқау көбейген соң көп тұрғындардың басқа қалаға қоныс аударғанын айтады. Жұрт қалада жуық арада экология жақсара қояды дегенге сенбейді. Сонымен қатар олар  биліктен Қарағанды- Теміртау тас жолы бойына отырғызуды жоспарлаған  500 түп жасыл ағашты қаланың ортасына ексе деген базыналарын да жеткізді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу