Квазимемлекеттік компаниялар экспорттан түскен табысының бір бөлігін ел ішінде сатуға тиіс. Сұхбат барысында мемлекет басшысы теңге бағамын тұрақтандыру үшін осындай шешім қабылданғанын айтты. Ішкі нарықта шетелдік валюта тапшылығы туындамау үшін квазимемлекеттік сектор бөгде валютамен сақтап отырған депозиттік қаржысын елге әкеледі. Осының арқасында долларға деген ішкі сұраныстың теңге бағамына түсетін салмағы сәл де болса жеңілдеуі мүмкін.
"...Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тапшылығын болдырмау үшін жасалып отыр", – деді ол өз сұхбатында.
Президенттің болжамынша, теңге бағамы әйтеуір бір тұрақтанады. Бірақ ол үшін әуелі біз экспорттап отырған шикізат өнімдеріне деген сұраныс деңгейі қалпына келуі керек.
"Еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді", – деді ол.
Есжан Ботақара