Бұл туралы "Атамекен" ҚР ҰКП-ның сайтында жарияланды.
Тимур Құлыбаев Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесі және неміс инвесторлармен өзара байланыс жөніндегі үкіметтік жұмыс тобының бірлескен жұмысы – ынтымақтасытықты дамытуда маңызды екенін атап өтті.
"Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында барлық өңірлермен кездесу өткізіп, бизнестің, жекелеген салалардың ең өзекті мәселелерін анықтап, олардың төтенше жағдай және карантин кезінде тап болған шығындарын білдік. "Атамекен" бизнеске көмек көрсетуде қажетті шараларды ҚР Премьер-министрі және үкіметпен талықлауда. Мәселелердің бірнеше блогы 2020 жылдың аяғына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарда көрініс табады. Бірінші блок – фискалды мәселелер. Салықтық тексерулерді тоқтата тұру, салықтар және міндетті төлемдер бойынша шегерім беру, салықтың кейбір түрлерін азайту. Екіншісі: несиелерді төлеуде қолдау, төлемдерді кейінге қалдыру. "Атамекен" банктермен жұмыс жүргізді, олар ситуацияның күрделілігін түсініп отыр әрі төлемдерді кейінге шегеру және айыппұл салмау бойынша мәселелерді шешуге тырысады. Үшіншісі: мемлекет тарапынан қаржылай қолдау. Осы бағытта бізге Германия үкіметінің тәжірибесі қызықты, бұл тәжірибені біздің үкімкетке ұсына аламыз", – деді Тимур Құлыбаев.
Өз кезегінде Германия елшісі коронавирус салдарынан айтарлықтай зардапты, бүкіл әлемдегі экономикада, Екінші дүниежүзілік соғысынан бері терең рецессияны өткеріп жатқан Германия экономикасында іскерлік белсенділіктің төмендеуін атап өтті.
"Германия басшылығы 2020 жылдың 25 наурызында пандемияға қарсы түрлі шараларды қаржыландыруды қарастыратын дағдарысқа қарсы теңдесіз пакетті қабылдады. Экономикалық тұрақтылық қоры шеңберінде 600 млрд еуро бөлінуі жоспарланған. Аталған қор компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетуге және жеке фирмаларға мемлекеттік кепілдіктер беруге бағдарланған. Экономикалық тұрақтылық қоры қажет болған жағдайда компаняиларға капиталға қосымша қолжетімділікті беру мақсатында несиелік кепілдіктерді қосатын болады. Қаржылай құралдардың бір бөлігі KfW Неміс даму банкінің арнайы бағдарламаларына бөлінеді. Бұл қаражат уақытша қиындық көрген компанияларға негізгі қаражатты сатып алуға немесе инвестициялар ретінде бөлінетін болады. ШОБ субъектілері үшін мөлшерлеме – 1–1,46%-дан аспайды, ірі бизнеске – 2,1%. Үш айлық айналым мөлшерінде бірақ 800 мың еуродан артық емес жедел несие қарастырылған. 50 миллиард еуро көлемінде шағын кәсіпкерлікті және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қолдаудың жеке ұлттық бағдарламасы әзірленді. Германия үкіметі коронавирус пандемиясы кезеңінде стартаптарға көмек ретінде 2 млрд еуро бөлмек. Германия ЕуроОдақпен бірлесіп, экономиканы жандандыру мақсатында 500 млрд еуро мөлшерінде көмек қорын құрды", – деп ақпараттандырды Тило Клиннер.
Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесінің тең төрағасы Тимур Құлыбаев Германиядағы кәсіпкерлікті қолдау шаралары туралы егжей-тегжейлі ақпарат үшін алғыс білдіріп, "Атамекен" бұрынғыдай, төтенше жағдай режимін енгізуден болған теріс салдарды азайту үшін бизнес пен үкімет арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде әрекет ететінін айтты.
"Жуық арада карантиндік шараларды нақтылау жөнінде мәселені көтереміз. Сауда және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар жұмысын бастады, бірақ көбі санитарлық нормаларды ұстанбайды. Талаптар орындалып, осы ретте бизнес зардап шекпеуі үшін бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп қарайтын боламыз", – деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Спикер бизнесті қолдаудың маңызды шарасы – отандық тауар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу екенін айтты. Өзіне алған міндеттемелерді орындай алмаған кәсіпорындар жауапқа тартылмауы керек. Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов мемлекеттік сатып алуларды реттеуге назар аударды. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алулар саласында бірыңғай заң құру бойынша жұмыс жүріп жатыр және Германияның осы саладағы тәжірибесі Қазақстан үшін тартымды.