Тимур Сүлейменов: Мұнай мен металл бағасына тәуелділік азайды

793

Министр парламент мәжілісінің жалпы отырысында мұнай өндіру мен өзге де пайдалы қазбаларға тәуелділіктің қаншалықты төмендегенін айтты.

Тимур Сүлейменов: Мұнай мен металл бағасына тәуелділік азайды

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстан экономикасының мұнай өндіру мен өзге де пайдалы қазбаларға тәуелділігі қаншалықты төмендегенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

"Экономиканы әртараптандыруға байланысты соңғы 5 жылда ауқымды жұмыстар іске асырылды. Бұл тұрғыда статистикаға сүйенсек тікелей нәтижені байқауға болады. Яғни ол жалпы ішкі өнім құрылымында өндіру өнеркәсібі саласы үлесінің төмендеуіне қатысты. Бес жылда оның деңгейі 19,5-20 пайызға жетті. Егер де мұнай өндіру мен қатты пайдалы қазбаларды өндіруге тоқталсақ, бүгінде оның үлесі 11,5-12 пайызды құрады. Атап айтқанда, оның деңгейі мен осы салалардағы өзгерістерге қатысты біздің экономиканың тәуелділігі төмендеді. Әсіресе мұнай мен металл бағасына тәуелділік азайды", - деді Тимур Сүлейменов парламент мәжілісінің жалпы отырысында. 

Министрдің атап өтуінше, өңдеуші өнеркәсіптің үлесі де 11,5-12 пайыз аралығында ауытқып тұруына қатысты тиісті мәселелер бар. 

"Дегенмен де біз көптеген өзге де экономикалар секілді сервистік экономиканың өсіміне сеніп отырмыз. Осы кезеңде бізде сервистік экономика 5 пайызға артты. Бұл тұрғыда көлік және логистика саласында елеулі өсімді байқадық. Егер де бұған дейін экономиканың құрылымында оның деңгейі 6 пайыз болса, қазіргі кезде 9 пайызға жетіп қалды", - деді Тимур Сүйлейменов. 

ҚР қаржы министрі Әлихан Смайыловтың атап өтуінше, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт пен мұнайға экспорттық кеден бажы (ЭКБ) түріндегі бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің көлемі 2019 жылы 3,5 трлн теңгеге немесе 2021 жылға қарай 4,1 пайызға төмендеп, жалпы ішкі өнімнің 5,4 пайызын құрайды. Бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі 2019 жылы 35,5 пайыздан 2021 жылы 28,9 пайызға дейін төмендейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу