Ақпараттық технология дамыған сайын өзгенің есебінен қалтасын қампайтуды ойлайтындар түрлі айла шығарып жатыр. Енді олар да жасанды интеллектті өз пайдасына жаратуды шығарды. Өзге елде жүріп-ақ қазақстандықтардың қаржысын қағып алатындардың қарасы көбейгені тағы бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жасанды интеллектті кәдесіне жаратты
Бүгінде телефон тұтқасының арғы жағындағы бейтаныс адамға жеке деректеріңізді айтсаңыз, жер сипап қаласыз. Олар шотыңыздағы азын-аулақ ақшаны аударып алумен қоймай, мойынға несиені де "іліп" беріп жатады. Әсіресе, өздерін банктердің, құқық қорғау саласының өкілдері деп таныстырған кезде адамдардың абдырап қалатыны рас. Әккілердің мұндай әрекеттері соңғы уақытта жиі әшкере болып, тұрғындар ЖСН, карта нөмірі сынды ақпараттарды кез келген адамға бере беруге болмайтынын түсінген соң алаяқтардың құрығы да қысқарды. Сондықтан олар қитұрқы істерін жасаудың жаңаша жолдарын ойлап тапты.
Адамды алдап, қармағына түсіруден қаймықпайтындар заман көшінен қалысар емес. Бүгінде олар дипфейк технологияларды қолдануға көшті. Яғни, жасанды интеллект көмегімен адамдарға "жан бітіріп", өзгелер сенетіндей етіп сөйлетеді. Кез келген дауысты, ым-ишараны айнытпай салады. Сондықтан олардың әр сөзіне илану оп-оңай.
"Өкінішке қарай, алаяқтар дипфейк тәсілі арқылы кибершабуыл жасап, адамдардың құпия деректерін біліп алу сияқты тың әдіске көшті. Сол себепті оларды ажырату өте қиын. Бірақ кейде бейнежазбалардан адамның терісінің түсіне тән емес өзгешеліктер, шынайы қозғалысқа келмейтін әрекеттерді байқауға болады. Оның алаяқ екенін солай ғана ажыратуға мүмкіндік бар", - дейді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Павлодар қаласындағы өңірлікөкілдер басқармасының басшысы Толқын Нұрмахин.
Телефон тұтқасының арғы жағынан бөлек қасында жүрген жандар да қалтаны қағуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайлар электронды-цифрлық қолтаңба алған кезде жиі орын алып жатады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қолтаңба ресімдеген жағдайда кей азаматтар белгілеген құпиясөзін компьютерден өшірмейді. Мұны кейбіреулер өз кәдесіне жаратып, түрлі алаяқтық істерге барып жатады. Сондықтан қолтаңба алған жағдайда барлығын тазалап кеткен жөн. Басшыларға қол астындағы қызметкерлерге ЭЦҚ-ны пайдалануға да сеніп тапсыруға болмайды. Себебі бюджеттік қаржыны жымқыру деген істер де осындай асыра сенуден туындап жатады.
Сонымен қатар, соңғы уақытта басқа аймақтардан "тауар алушы", жеке кәсіпкерлікті "сатып алушы", банктік шотты "жалға алушы" жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Олар да аңғал азаматтарды оңай олжаға айналдыруды қалайды. Қандай да бір тауарыңызды сатпақ болып, интернет желісіне хабарландыру жүктесеңіз, "Басқа облыстан емес, ақшасын дәл қазір аударып жіберемін, картаңыздың мәліметтерін айтсаңыз болғаны" деп әп-сәтте уысына түсіруді көздейді. Банк карталарының мәліметтерін хабарлаған адам ақшасынан қалай айырылып қалғанын да аңғармай қалады. Сол сияқты жеке кәсіпкерлікті жалға алуға ниеттілердің ар жағында арам пиғыл болуы бек мүмкін. Олар біреудің атын жамылып, қолында жоқ тауарын сатылымға шығарып, соған сенген адамның ақшасын алдын ала алып алады. Кейін тауар да жоқ, ақша да жоқ.
Бүгінде әлеуметтік желілерде инвестиялық қорлардың да жарнамасы жиі көрінетін болды. "Қаржы құйсаң, қосымша табысқа кенелесің" деп құрғақ уәдені үйіп-төгетіндер де талай жанды сан соқтырып жатыр. Павлодар облысында осындай жарнамаларға иланып, пәтерін, көлігін сатып, ақша салғандар да бар. Енді қазір олардың не баспанасы, не темір тұлпары, не әлгі инвестициялық қордан көрген пайдасы жоқ. Жер сипады да қалды. Демек, мұндай жарнамалардан да бойды аулақ ұстаған жөн. Қысқасы, алаяқтар қулығына құрық байлатпай, сан түрін ойластырып жатыр. Сондықтан қаржы аудармас бұрын, деректеріңізбен бөліспес бұрын "жеті рет өлшеп, бір рет кескен" дұрыс.
Қомақты қаржы шетелге кетіп жатыр
Жоғарыда алаяқтардың көбі өздерін не банк, не полиция өкілдері деп таныстыратынын айттық. Белгілі болғандай, олардың басым бөлігі шекараның арғы жағынан хабарласады екен. Оларға отандық делдалдар қол ұшын созып отыр.
Айталық, өзбекстандық азамат тұрғындарға хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді біліп алған. Сөйтіп, 30 жәбірленушінің 120 млн теңгесін қалтасына басып, тақырға отырғызып кетіпті. Ол кейін Павлодар қаласында жасырынып, тәртіп сақшыларының қолына түскен.
Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітовтің сөзінше, шетелдіктер біздің жерлестеріміз арқылы отандық ұялы байланыс операторларының нөмірін көп көлемде сатып алады. Әрине, олардың барлығы дерлік бірреттік нөмірлер. Яғни, тек бір адамды құрығына түсіруге арналған. Телефон арқылы оның ақшасын қалтасына басқан соң нөмірден құтыла салады. "Құрбаны" болар келесі адамға басқа нөмірден хабарласады. Сондықтан бүгінде бір адамға көп нөмір сату мәселесі қайта қаралып, реттелмек.
"Алаяқтар көбінесе бұрынғы кеңестік кезең елдерінен хабарласады. Олар облыс, ел көлемінен емес, басқа мемлекеттен хабарласатындықтан, оларды анықтау оңай іс емес. Бірнеше шоттан өтетін қаржының қайда, қалай, қашан аударылғанын да табу – күрделі жұмыс. Оның әр сатысы үшін соттың санкциясын алу керек. Бұл да қиын шаруа. Оған біраз уақыт кетеді. Сондықтан іс созылып кетуі мүмкін. Оны оңтайландыру үшін министрлікке санкцияны бүкіл тізбекке беру бойынша ұсыныс айтылды", - дейді Болат Нұрсейітов.
Полиция өкілінің сөзінше, осындай қиындықтарға қарамастан алаяқтардың әрекетіне тосқауыл қойып, олардың қитұрқы істерін әшкере ету бағытында мардымды жұмыс атқарылып келеді. Соның нәтижесі болса керек, биыл интернет алаяқтықтардың саны азайыпты. Өткен жылдың 10 айында 1089 шағым түссе, биыл сол уақыт аралығында 792 өтініш қабылданды. Оның ішінде 232 алаяқтық жасаған жасаған 124 адам ұсталды. Олардан келген шығын көлемі жарты миллиард теңгеден астам болып отыр. Тіпті, кейбір алаяқтардың есебінде 20 млн теңге бар болып шықты.
Олардың бір бөлігі темір тордың арғы жағына тоғытылып жатқанымен, "ізін басар", жаңа технологияларды қолданатын "әріптестері" шығып жатыр. Сондықтан полиция өкілдері тұрғындарды сақ болуға шақырады.