Депутаттардың алдында баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама ұрланған көліктер қылмысын ашып, көліктерді елге қайтару жолын жеңілдетінін атап өтті.
"Бұл хаттамаға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Молдавия және Қырғызстан елдерінің ішкі істер министрлері қол қойды. Хаттаманың ең басты мақсаты – ұрланған автокөлік иелерінің құқын қорғау. ТМД келісіміне сәйкес, оған мүше елдердің шекарасы ашық. Осыны кейбір азаматтар өз мүддесіне пайдаланып, автокөліктерді ұрлау, қолды болған көліктерді шекара асырып жіберу секілді қылмыстарға барады. 2005 жылдан бастап, бүгінге дейін 220-дан астам көлік ұрланған, оның тек 30 %-ы ғана елге қайтарылды. Өйткені көліктерге сұрау салу нормаларында бірқатар кемшіліктер бар", – дейді министр.
Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, хаттамадағы жаңа нормалар жоғалған көліктер туралы сұрау салуды жеңілдетіп, ортақ дерек базасын қалыптастырмақ. Сондай-ақ, жол, көлік, өрт және табиғи апаттардан зардап шеккен автокөліктер өнінде мәлімет беру, кеден органдармен ақпарат алмасу жолдары оңтайланады. Бұл құжатта сонымен қатар, бір жыл ішінде сұрауы болмаған көлік қай елден табылса, сол елде қалдыру жөнінде нормалар қарастырылған.
Қымбат Нұрғали