Тоқаев әскерімізді шетелге жіберуді ұсынбақ

415

Президент Қасым- Жомарт Тоқаев әскерімізді шетелге жіберуді ұсынбақшы.

Тоқаев әскерімізді шетелге жіберуді ұсынбақ Фото: Қорғаныс министрлігі

Армиямыз дағдарыс болып жатқан аймаққа, нақтыласақ Таяу шығыс пен Африкаға аттануы мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бірақ алдымен парламенттің мақұлдауы қажет. Бұл бітімгерлік миссиясы. Десе де әскери сарапшылар қауіпті әрі шығынсыз болмайтынын ескертеді. Ал барып келген сарбаздарға қомақты жалақы беріледі.

Қазақ әскерін шетелге жіберу мәселесі былтыр көтерілген. Бірақ аяқсыз қалды. Енді Президенттің осы ұсынысы қос палатаның отырысында талқыланбақшы. Мұны сенат депутаты Ақмарал Әлназарова растады. Бейресми ақпараттарға көзжүгіртсек, бізден 430-ға жуық әскер баруы мүмкін. Олар Израиль мен Сирияның арасындағы Голан жоталарындағы біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік  миссиясына қатысатынға ұқсайды.

"Біздің біраз дәрежеміз бар. Тәжірибеміз бар. Ливияда болдық. Ливанда болдық. Өте қиын жағдай болып жатқанын білеміз. Сосын көп сұрақ туып жатыр. Біздің қарулы күшімізді жіберуге бола ма деген. Мен әскер адамы ретінде айтайын. Болады. Мен өзім ауған соғысында болғам. Ол кезде кеңес кезінде бізден сұраған жоқ. Ол жаққа баратын сарбаздар дайындығы болуы керек. Сосын иммунитеті басқаша болуы керек. Дайындығы басқаша өтуі керек. Әрине ағылшын басқа да тілді білуі керек", - дейді "Тәуелсіз Қазақстанның халық батырлары" РҚБ төрағасы, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев.

"Саясатты өте жақсы танып, білуі керек. Одан қалды сол жердің ұлттар мен этностардың дәстүрін салт-ғұрпын өте жақсы білуі керек. Қазақта айтады ғой. Көңіл бір атым насыбайдан қалады деп. Өте оған байқау керек. Жақсылап даярлап жіберу керек",- дейді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.

Миссияның мақсаты бейбітшілікті, қауіпсіздікті қолдау. Сондықтан біздің әскеріміз қару алып, ешкіммен соғыспайды. Тек бақылаушы қызметін атқарады. Қауіпі бар өңірді жақыннан таниды. Бітімгерлік миссиясына қатысатын өзге елдің армиясынан тәжірибе жинайды.

"Бітімгершіліктің екі түрі болады. Біреуі жай тәртіпті сақтап тұруға. Ал, біреуі бір бірімен соғысып жатқан адамдарды ажыратуға. Бұл өте қиын. Өте қауіпті. Бірақ соғысып жатқанмен тең келеді. Оның ақшасы да көп болды. Енді қаражат жағынан қарасақ, қаражат Қорғаныс министрлігінен алынады. Содан кейін біздің үкіметтің резервінен алынады. Бірақ сол шығындары шыққан есебі Біріккен ұлттарға жібереді. Біріккен ұлт оны бізге қайтарып береді. Және саясат жағынан біз жақсы дивиденд аламыз. Қазақ танымал болады", - дейді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.

Расында шығынның көп бөлігін Біріккен ұлттар ұйымы көтереді. Әскерилеріміз халықаралық деңгейде жалақы алады. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, еңбекақысы үш есе көп болады. Қосымша демалыс, мемлекет есебінен ем-дом жүргізіледі.

Жалпы Қазақстан 2003 жылдан бастап жеті миссияға қатысқан.  Оған мыңға жуық әскери қызметші, оның ішінде 6 әйел барған. Әлі де 19 офицер бітімгер болып Батыс Сахарада, Орталық Африкада, Конго мен Ливанда  қызмет атқарып жүр.

Егер ертең Парламент президенттің ұсынысын қолдаса, онда қазақ армиясы сегізінші бітімгерлік миссиясына қатысады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу