Оның пікірінше, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді, деп жазады inbusiness.kz сайты Ақордаға сілтеме жасап.
"Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс", – деді Президент.
Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.
Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су ресурстары, ирригация салалары бойынша техникалық мамандардың тапшылығына назар аударды
Осыған қатысты Үкіметке шұғыл түрде шешім қабылдауды тапсырды.
"Тағы да қайталап айтамын. Тасқынның алдын алу ісіне әрбір лауазым иесі тікелей жауап беруге тиіс. Сіздердің жұмыстарыңызды немқұрайлы және кәсіби міндетке сай келмейді деп бағаладым. Соның салдарынан азаматтарымыз үлкен материалдық шығынға ұшырады. Олар денсаулығы мен әл-ауқатына зиян келтіретін тұрмыстық қолайсыздықтарға тап болды. Әрине, мемлекет шығынды өтеу үшін шаралар қабылдайды. Азаматтарға айтарым, алаңдамаңыздар. Мемлекет, сондай-ақ кәсіпкерлер барлық шығынды өтеп береді. Бірақ қаржылық және саяси шығындар орасан зор. Оны да ескеру керек. Сондықтан Үкіметке жүктелер жұмыс көп. Қысқасы, талап қатаң болады", – деді Президент.