Тоқаев Орталық Азиядағы транзиттік жағдайды жақсартуға шақырды

730

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан кездесудің ерекше екенін атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тоқаев Орталық Азиядағы транзиттік жағдайды жақсартуға шақырды

Қазақстан Президенті мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстардың нығая түскенін атап өтті. Бірлескен кәсіпорындардың саны артып, өнеркәсіп, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ірі жобалар іске асырылып келеді.

"Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен тауар айналымы соңғы бес жылдың ішінде бір жарым есе артып, 4,6 миллиард долларды құрады. Жүйелі диалог және үйлесімді іс-әрекеттер – ортақ мәселелерді шешудің тиімді әрі баламасыз тетігі", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, әлем елдері күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Ауғанстандағы қазіргі жағдай ерекше алаңдатып отыр. Коронавирус індеті жағдайды одан сайын ушықтыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кезеңде Орталық Азияда тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақ елдері бірлесіп әрекет етуі тиіс деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аймақ мемлекеттері Азия мен Еуропаны байланыстырушы көпір рөлін атқарып отыр. Бұл ретте, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін біртіндеп дамытуда. Одан бөлек, "Қытай – Еуропа – Қытай" трансқұрлықтық бағдарының қазақстандық бөлігінің әлеуеті нығайып келеді.

"2025 жылға дейін екінші жолдардың құрылысы аяқталып, "Достық – Мойынты" теміржол учаскесі толықтай электрмен жабдықталады. Нәтижесінде аталған бағыттың өткізу мүмкіндігі бес есе ұлғаяды. Жобаға 2 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы салынады. "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржолы да үлкен мүмкіндіктер береді. Елдеріміз үшін Парсы шығанағы мемлекеттеріне шығудың қысқа жолы осы", – деді Президент.

Сондай-ақ соңғы үш жылдың ішінде Транскаспий бағыты арқылы өтетін контейнерлердің легі 13 есеге артқаны, Қазақстан Ақтау айлағының базасында әлемнің озық операторларын тарта отырып, "контейнерлік хабты" ашуды жоспарлап отырғанына (Cosco, Maersk, CMA CGM және т.б.) тоқталды.

Өзбекстанмен арадағы жаңа жобалар белсенді түрде пысықталып жатыр. Ең алдымен, "Түркістан – Шымкент – Ташкент" жоғары жылдамдықтағы теміржол құрылысы туралы айтып отырмыз (жоба құны шамамен 70 миллион АҚШ доллары). Бұдан бұрын "Бейнеу – Ақжігіт" автожолының құрылысы аяқталған болатын. Аталған бағыт арқылы өзбек серіктестерімізге Құрық және Ақтау айлақтарына шығатын қысқа жол ашылды. "Түрікменбашы – Гарабоғаз – Қазақстанның шекарасы" автомагистралінің әлеуеті зор. Осы бағдар Түрікменстанмен арадағы жолаушы және жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларын дамыту барлық елдердің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Бұл – ауқымды қор. Осы ретте, күш-жігерімізді біріктіре отырып, аймақтың көлік байланысын арттырып, дәліз жағдайын жақсартуымыз қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Консультативтік кеңесте, сондай-ақ, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азиядағы арнайы өкілі Наталья Герман сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу