Кері кетуге халықтың өзі жол бермейді

513

Қасым-Жомарт Тоқаев "Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында елдегі саяси реформаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кері кетуге халықтың өзі жол бермейді Фото: akorda.kz

– Мен саяси реформалардың 2019 жылы басталғанын айтып өттім. Сол кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңесте маңызды заңнамалық бастамалар әзірленіп, жүзеге асырылды. Сайлау, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілді. Елімізде олигополияның диктатурасы туралы алғаш рет ашық айтыла бастады.

Бұл өзгерістер саяси және эконо­микалық монополия үстем­дік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді. Сондықтан олар уақыт тегершігін кері айналдырып, бұрынғы күніне оралу үшін жанталасып бақты. Бұдан еш нәтиже шыққан жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін бәзбі­реу­лер "енді билік қылбұрауды қатайтып, режімді сақтап қалу үшін барын салады" деп қауіптенді. Бірақ біз керісінше жасадық. Күрделі болса да, дұрыс жолды таңдадық.

Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Рефор­маның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды. Оған қоса, ат басын артқа бұру, яғни саяси өзгерістерді кері қай­тару мүм­кін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа айналатындай ахуал қалыптастыру маңызды еді. Сол үшін конституциялық реформа аясында кертартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды.

Біріншіден, біз Ата заңның үстемді­гін қамтамасыз ететін, конститу­ция­лық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық Сотты қайта қалпына келтірдік. Біреу­лерге Конституциялық Кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді.

Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешім­деріне, соның ішінде азаматтар­дың конституциялық құқықтарына қатыс­ты байламдарына күмән келтіру­ге, Президенттің де еш қақы жоқ.

Ата заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыру Конституциялық Соттың оң қорытындысы болса ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылады.

Конституциялық Сотта он бір қазы бар екені белгілі. Соның алтауын, яғни көпшілігін, Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағасын Пре­зидент тағайындағанымен, мін­детті түрде Сенаттың келісімі қажет.

Екіншіден, негізгі ұстанымдар Конституцияда нақты айқындалып, біржола бекітілген. Мысалы, Ата заң­ның 91-бабына сәйкес, Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері және осы жерде айрықша атап өтейін, Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді.

Үшіншіден, реформалардың нә­ти­жесінде Мәжіліс жаңа сайлау жүйе­сімен, яғни партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақ­талатын болды. Мәжілістің өкілеттігі де айтарлықтай кеңейді.

Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрт­тың құқықтық сауаттылығы мен бел­сенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін, – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу