Тоқаев: су – мұнай мен газдан кем емес

639

2040 жылдарға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін.

Тоқаев: су – мұнай мен газдан кем емес

Мұндай үрейлі болжамды бүгін президент жұртқа жолдауында айтты. Рас. Траншекаралық өзендердің ортасында жайғасқан Қазақстан қазірден тапшылықты сезініп, қамдануы тиіс. Жаңа жасақталатын су шаруашылығы және ирригация министрлігі де бұған себеп. Әйтеуір Тоқаев әдеттегідей емес, су саласына 7 минуттық баяндамасын арнады. Толық реформа керек деді.

Агро өңір атанған Жамбыл облысы қазір суармалы судың жоғынан төтенше жағдай режимінде тұр. Ала жаздай су тосқан шаруалар 4 млрд тг-мен шығынға батты. Сорақысы бұл сома әлі де өсуі мүмкін. Өйткені егін басында шығынның есеп-қисабы 15 қыркүйекке дейін созылмақ. Мәселеге бір себеп – суға қатысты сапалы сараптама мен болжамды ақпардың аздығы.

"Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде", - дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір елде су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Су үнемдейтін технологияны қолдану да аз. Президент салаға инновациялық жаңашылдық енуі шарт деді. Қолдану аясын да жылма-жыл 150 мың га-ға ұлғайтуды үкіметке жүктеді.  Мәселен, бір ғана Жамбыл облысында егемендік алғалы бірде-бір су қоймасы салынбапты. Су нысандарының мерзімі  кемі 40 жылдан асқан. 

"Көбі 40 жылдан асып кеткен. Жаңа су қоймасы бізде тек Қарақұныс-қақпатас, біздің баланста, Қордай ауданында. Ол 1986 жылы салынған. Қазіргі кезде тағы 3 жаңа су қоймасы салынайын деп жатыр", - деді "Қазсушар" Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева.

Су – тіршілік көзі, бірақ қазір тұнып-тұрған саясат. Тоқаев тарқатқан жолдауда траншекаралық өзендер мәселесі қаузалды. Президент өзен басында тұру ресурсқа иелік ету дегенді білдірмейді дегенді меңзеді. Су - гео-саясат құралы болмауы тиіс деді.

Елде 8 ірі өзен - трансшекаралық. Бұл - республикадағы су ресурсының 40 пайызы. Демек, Қазақстан көршілерге су жағынан қарайласады. Тиісінше бүгінгі жолдауда президент үкіметке келіссөз жүргізуді жаңа сатыға көтеру керек деп тапсырма жүктеді.

Нақтысы бұл мәселемен енді жаңа құрылатын министрлік айналыспақ. Ведомство су бөлу келісімін жаңа алгоритмге салуы міндетті.

"Басқа мемлекеттерде тұрақты комиссиясы бар. Ол күнде, күнара айырбасталмайды. Нақты, су шаруашылығының мамандары көп бізде әлі.  Солардың бәрін жиып-теріп, министерствоға жұмысқа шақыру керек. Керек су қоймаларды қай жерге, қалай керегін айтатын. Анау суды санау білетін. Бізде бүгін суды санай алмайды ешкім!"- деп санайды гидрогеолог Анар Тілеулесова.

Мәселен қазақ-қырғыз тарапы су бөлуді 40 жыл бұрыңғы құжатпен жүргізіп келеді. 50-де 50 делінген келісімнің қазір күші де жоқ көрінеді.

"Суармалы жерлерді көбейткен соң, бізге көп, көп емес тиесілі суды беріп жатқан жоқ. Егістікті көбейткен. Қырғызстан қазір көптеген ұйымнан шығып кеткен", - деді "Қазсушар" Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева.

Ал көршілес Қытайдың өзі ұлттар ұйымы ұсынған конвенцияға қол қойғысы жоқ дейді сарапшылар. Су мамандары Іле мен Ертіс жүгін арқалап, соңғы 21 жылда 15 рет кездескен. Теңдей бөлуге қатысты нақты келісімнің жоғы содан. Қос трансшекаралық өзен біз үшін стратегиялық мәнде. Мәселен, бір ғана Ертістің бойында 15 су қоймасы тұр.

"Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер", - дейді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтпақшы, жолдауда ішкі су қорын көбейту мәселесі де қаралды. Президент 20 жаң бөген салып, 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу қажет деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу