Соңғы жылдары қызылордалықтардың әлеуметтік желілерде белсенділгі артып келеді. Сыни көзқарастары мен ескертпелерін, наразылықтарын білдіріп отыратын желі қолданушыларына облыс әкімінен бастап тиісті сала басшыларына дейін сауалдарына жауап қайтару, шешілу жолдарын желіге жүктеп отыру жолға қойылған.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Махановтың айтуынша, биыл он айда тұрғындар тарапынан 2 мыңнан астам сыни пост жарияланған екен.
"Оларға дер кезінде жауап беріліп, тиісті шешімдер қабылданды. Тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілерде қала, аудан әкімдіктері мен облыстық басқармалардың ресми парақшалары бар. Ұсыныс-пікір, сын-ескертпе, талап-тілектің ешқайсысы назардан тыс қалмайды", – дейді Талғат Маханов.
Басқарма басшысы осылайша әлеуметтік желіні сын-ескертпе айтатын маңызды ақпарат алаңына айналғанын атап өтті.
Басқарма басшысы бұдан бөлек бірнеше бағыттағы жұмыс жайына да тоқталды. Мәселен, облыс халқының 95 проценті тұрмыс-тіршілігіне, өмір сүру деңгейіне қанағаттанады екен. Ал 80 проценті қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп санайды.
Одан бөлек, келер жылдың шілдесінен бастап облыс ұлттық цифрлық телехабар тарату жүйесіне толықтай қосылмақ. Қазіргі күні 130 мыңнан астам абонент аталған жүйе қызметін қолдануда.
Өңір жаңалығын жеткізіп отырған 100-ден астам бұқаралық ақпарат құралы болса, оның 90-ға жуығы газет-журнал түрінде жарық көреді.
БАҚ өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында әлеуметтік жоба ашылып, онда Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсіп, Серік Жанболат секілді журналистика майталмандары шеберлік дәрістерін өткізген.
Нұрбек Дәуренбеков