Түрік кәсіпкері: Орталық Азиядағы негізгі әріптесіміз Қазақстан болмақ

1027

Түрік кәсіпкері:  Орталық Азиядағы негізгі әріптесіміз Қазақстан болмақ

Павлодар облысында өсірілген жасымық Түркияға экспортқа шығарылуы мүмкін, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Болат Бақауов Түркияның өнеркәсіпшілер және әйел кәсіпкерлер конфедерациясының президенті Незакет Әмина Атасоймен  осы мәселені талқылап, ортақ келісімге келді. Облыс әкімінің айтуынша, Павлодар облысы мен Түркия Республикасының арасындағы сауда айналымы 64 миллион долларды құраған, оның ішінде 61 миллионы алюминий экспортынан түкен қаражат екен. Болат Бақауов түрік әріптестерімен өнеркәсіп, туризм, медицина және ауыл шаруашылығы салаларында да әріптестікке дайын екендігін айтты.
"Түркия жасымықты ірі көлемде экспорттайды. Тек, Канаданың өзінен жыл сайын 80 мың тонна жасымық экспортталады екен. Біздің облыста өсірілетін жасымықтың сапасы канадалық дақылдан еш кем емес. Облысымыздағы ауыл шаруашылық тауар өндірушілері жасымықты ірі көлемде өсіріп, Түркияға тасымалдауға әзір", - деді өңір басшысы кездесуде.
Сонымен бірге, түркиялық қонақтарға облыс орталығында бес жұлдызды қонақ үй салу ұсынылды. Ол үшін инвесторға алдағы уақытта салынып жатқан "Достық" шағын ауданынан жер учаскесін беру мүмкіндігі туралы айтылды. Конфедерация президенті барлық ұсыныстарды қарап, жақын арада жауап беруге уәде берді.
"Біз кезінде Арабия түбегі, Еуропа және Азия елдерімен көптеген іскери келісімшарт жасасқан едік, – деді Незакет Әмина Атасой. – Енді біз Орталық Азияда да әріптестікке дайынбыз. Бұл өңірдегі біздің негізгі әріптесіміз Қазақстан болмақ. Біз экономиканың барлық секторында сенімді байланыс құруға ниеттіміз. Жасымықты экспорттау мәселесіне келетін болсақ, Түркияға келе салысымен осы жобамен айналысатын боламыз. Сонымен бірге, біз Павлодарда өндірілетін алюминий экспортының көлемін арттыру бойынша да қолдау көрсететін боламыз".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу