Түрік компаниясы Қазақстанда жеміс өңдейтін кәсіпорын салмақ

949

Инвесторлар 5 мың га жерге 8 млн-нан астам жеміс ағаштарын отырғызуды көздейді. 

 Түрік компаниясы Қазақстанда жеміс өңдейтін кәсіпорын салмақ

Түрік инвесторлары Қазақстанда жеміс өндіру және өңдеу бойынша ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда, деп хабарлады "Кazakh invest" баспасөз қызметі.

"Осы саланың әлеуетімен танысу мақсатында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі "Kazakh invest" ҰК" АҚ-мен бірлесіп, шілденің бірінші онкүндігінде шетелдік инвесторлардың Қазақстанға сапарын ұйымдастырды. Сапар барысында жергілікті биліктің қолдауымен инвесторлар Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары бағбандарының жұмысымен танысты",– деп жазылған хабарламада.

Ақпаратқа сүйенсек, инвесторлар 5 мың га жерге 8 млн-нан астам жеміс ағаштарын отырғызуды көздейді. Жобаны бес жыл ішінде бірнеше кезеңде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жыл сайынғы негізде 700 гектар алма, 100 гектар алмұрт, 100 гектар қышқыл және 100 гектар тәтті шие бағын дамыту көзделіп отыр. Олардың айтуынша, бұл тұйық цикл өндірісі болады.

"Біздің компания ағаштан үстелге дейін жеміс өндіру мен қайта өңдеуге бағытталған. Ол үшін біз Қазақстанда шикізат базасын дамыту және жергілікті фермерлерді оқыту үшін заманауи агротехнологияларды пайдалана отырып, жеміс бақтарын отырғызудан бастап интеграцияланған үлгі жасағымыз келеді. Келесі кезеңде жаңа піскен жемістерді орайтын кәсіпорындарды, элиталық жеміс шырындарын, концентраттар мен пюрені, сондай-ақ шірнелер, смузи, жеміс батончиктер мен кептірілген жемістерді өндіретін зауытты ұйымдастамыз. Сонымен қатар, биогаздан электр және тыңайтқыш өндіру зауытын салу және 20 мың мал басына арналған бордақылау алаңдарын салу мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл жобаны біз Қазақстан үкіметінің қолдауымен сенімді қазақстандық серіктеспен іске асыруға ниеттіміз", – деп атап өтті GÖKNUR GIDA компаниясының бас директоры Осман Асланали (Osman ASLANALI).

GÖKNUR GIDA – өз секторындағы ең ірі экспорттаушылардың бірі және АҚШ, Еуропа және басқа да елдердің нарықтарына шыға алады. Сондықтан Қазақстанда өндірілген өнімнің 70% - ын инвесторлар шетелде сатуды жоспарлап отыр.

"Азық-түлік өнімдерін өндіру басым сала болып табылады, сондықтан бұл саланы мемлекеттік қолдаудың кең шаралары бар, соның ішінде салықтық және кедендік преференциялар, инвестициялық субсидиялар. Қазір сапар аясында инвесторлармен бірге жоғары өнімді бақтар өсіруге болатын аудандарды таныстырдық, әлеуетті қазақстандық серіктестермен таныстырдық. Жобаны құрылымдау, сондай-ақ инвестор тарапынан айтылған басқа да мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін боламыз", – деп атап өтті "Kazakh invest" ҰК" АҚ жоба жетекшісі Мәди Қанафин.

Айта кету керек, GÖKNUR GIDA өз қызметі аясында 2500 га алаңда алма, анар, алмұрт, өрік және шабдалы өсіреді. Компания Түркияда сегіз өндірісті, сондай-ақ АҚШ, Еуропа, Иран және Ресейде жеміс сақтау қоймаларын иеленеді. Сонымен қатар, инвесторлар жемістер мен көкөністерді селекциялау саласында зерттеулер жүргізуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу