Түркістан облыстық сотының жаңа төрағасын таныстыру рәсіміне Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша коллегиясының төрағасы Абдрашид Жүкенов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс активі, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, аудандық, қалалық соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Облыс әкімі облыстық соттың жаңа төрағасын құттықтай отырып, өңірдегі сот төрелігін жүзеге асыру бойынша атқарылып отырған жұмыстардың жоғары деңгейде жалғаса беретініне сенім білдірді.
"Қолдаймыз, бірге жұмыс істейміз. Тұрысбек Ерболғанұлына құтты болсын айтамыз. Осы қасиетті жерде Түркістан өңірінде табысты, абыроймен қызмет етуіңізге біз тілектеспіз", - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Тұрысбек Мыятбеков 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Мамандығы – құқықтанушы, заңгер. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Университетінің заң факультетінің құқықтану мамандығын бітірген. Еңбек жолын сот орындаушы қызметінен бастап, 1981 - 1995 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы халықтық сотында аға сот орындаушы қызметін атқарған. 1996 жылы Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы болып тағайындалған. 2000 – 2003 жылдар аралығында Алматы қаласының Соттар Әкімшісі қызметін атқарған. 2003 - 2010 жылдар аралығында Алматы қалалық сотының қылмыстық, азаматтық алқаларының судьясы қызметтерін атқарған, қадағалау алқасының судьясы болып сайланған. 2009 жылғы Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы болып тағайындалған. 2013 жылы Алматы облысы Талғар аудандық сотының төрағасы болған. 2018 жылдан бері Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған.