Түркістан облысы шетелдік туристер үшін әлі де тартымсыз

1295

Биыл 6 айда өңірге 800-ден аса шетелдік турист келген.

Түркістан облысы шетелдік туристер үшін әлі де тартымсыз

Түркістан облысына қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан өңірге шетелдік және қазақстандық туристер аз келген, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда туризмді дамыту – басым бағыттардың бірі. Саладағы жағдайды жақсарту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Болашағы зор өңірлердің бірі – Түркістан облысы. 

Соңғы екі жылда аталған облысқа айтарлықтай көлемде инвестиция құйылды. Мысалы, 2019 жылға дейін өңірде өнер, ойын-сауық және демалыс саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 8 млрд теңгеден аспаса, 2020 жылы бұл сома бірден 125,3 млрд теңге болды. Биыл да өңірге қомақты инвестиция тартылған. 2021 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына 80,8 млрд теңге бөлінді, ал қалған 16 өңірде инвестиция көлемі жалпы 86 млрд теңге болды. 

Ашығын айтсақ, бір аймаққа салынған инвестиция елдің барлық басқа аймағына, оның ішінде мегаполистер мен курорттық аймақтарға құйылған қаржы көлемімен салыстыруға тұрарлық. Алайда өңірге қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан оның нәтижесі көңілден шықпай отыр. Түркістан облысы қызмет көрсету көрсеткіші бойынша еліміздің көптеген өңірінен артта тұр.

Мысалы, биыл бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ішкі туризм бойынша орналастыру орындарына келушілерге қызмет көрсету бойынша көшбасында Алматы (447,2 мың адам), Нұр-Сұлтан (289,5 мың адам) және Алматы облысы (165,9 мың адам) тұр, ал Түркістан облысы тізімде 9-орында. 2021 жылғы 6 айда мұнда орналастыру орындарына келген 94,7 мың адамға қызмет көрсетілген.

Абсолютті мәндерді емес, тек қызмет көрсетілетін келушілер санының жылдық өсу қарқынын қарастырсақ, Түркістан облысы үздік үштікке де кірмеген.

Сонымен қатар жүргізілген шаралар кешені мен шығындар көлемін ескерсек, өңір кем дегенде, өсім қарқыны бойынша көшбасшылардың қатарына енуі керек болған.

Түркістан облысында туризмді дамыту тұжырымдамасы мен Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданған. Оған сәйкес өңір үшін дамудың негізгі бағыттарының бірі туризм еді. 

Сондай-ақ биыл 10 сәуірде Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі көпфункционалды "Керуен-сарай" туристік кешені салтанатты түрде ашылды. Алайда бұл оқиға да өңірдегі туризмнің дамуына айтарлық ықпал етпеді.

Түркістан облысы шетелдік туристер үшін әлі де тартымсыз. 2021 жылғы 6 айда орналастыру орындарында 870 шетелдік туристке қызмет көрсетілген. Бұл – елдегі ең төмен көрсеткіш. Мысалы, Алматыда – 54,2 мың шетелдік турист, Нұр-Сұлтанда – 34,9 мың шетелдік турист, Қостанай облысында – 5,5 мың шетелдік туристке қызмет көрсетілді.

Биыл қаңтар-маусымда Қазақстанда орналастыру орындарында көрсетілген қызмет көлемі 44,6 млрд теңге болды. Саладағы көшбасшылар – Алматы (11,2 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (8,3 млрд теңге) және Ақмола облысы (4,5 млрд теңге). 

Бұл тізімде Түркістан облысы тек 9-орында тұр: 1,8 млрд теңге. Өңірге қомақты қаражат бөлінсе де, облыс туризм саласында нәтиже көрсете алмай отыр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу