Түркістан облысында 15 жастағы оқушы мобильді қосымша мен қазақша сөйлейтін робот құрастырды

698

Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған "Дарын" мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Жансерік Камал JARIQ жасанды интеллект мобильді қосымшасын жасап, табысқа қол жеткізе бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркістан облысында 15 жастағы оқушы мобильді қосымша мен қазақша сөйлейтін робот құрастырды Фото: otyrar.kz

Ол жасаған бағдарлама дыбыстық хабарламаны 100-ден аса тілде жазбаша мәтінге айналдыра алады. Сауалдарға жауап береді.

Жасөспірім тың жобасымен республикалық байқауда топ жарды. Жас ғалым ойлап тапқан мобильдік қосымшаны бүгінде Google Play Market-тен жүктеп, 150-ге тарта адам қолдануда.

"Қазір "Жарықты" көптеген адам қолданады. Бұл қосымшаның негізгі мақсаты – адамдардың уақытын үнемдеу. Менің бақылауым бойынша мұны көп оқушылар пайдаланады. Күнделікті өмірде қосымша ақпараттар, кітаптар іздеу барысында пайдаланатынын бақылап отырамын. Менде толық статистикасы бар. Егер оқуға ерінсеңіз, қысқаша мәлімет те ұсынады", – дейді ол.

Мобильді қосымша оқушының алғашқы жобасы емес. Жансерік демалыс орындарына келген қонақтарға сусын жеткізуші "Қолқанат" роботының макетін жасап шығарған. Ақылды робот аппараттық және бағдарламалық жасақтамадан тұратын арнайы платформа арқылы жасалған. Ол дыбыс жазатын сайт арқылы қазақ тілінде сөйлей алады.

"Бұл роботтың ерекшелігі – қонақ үй, мейрамханаларда келген адамдарға сусын ұсынып, олармен сөйлесіп, көңіл-күйін көтеруге қосымша бір элемент ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, шетелдік туристерге Қазақстан туралы жағымды эмоция қалдырады деп санаймын", – деді жас ғалым.

Дарынды жасөспірім өткен жылы "Сарыағаш туризм" қосымшасын іске қосты. Курорттық аймақ туралы толыққанды ақпарат ұсынатын қосымшаны бүгінде 300-ден аса адам қолданады. Республикалық конкурста жүлделі орын иеленген жобаға қызығушылық танытқандар да жоқ емес.

15 жастағы сарыағаштық жас ғалым қазір өзі сынды оқушыларға интелектуалды ойын жасауды қолға алған. Жансеріктің алдағы мақсаты – ғылым мен техниканың тылсым тұстарын барынша терең меңгеру. Оқушының бұл бағытта алға қойған мақсаттары да толағай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу