Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті қандай?

940

Өңірде төрт түлік саны артып келеді.

Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытудың әлеуеті қандай? Фото: Inbusiness.kz

Республика бойынша ірі қара мал санының 13%-ы, ұсақ малдың 21%, жылқының 11%, түйенің 15% және өндірілген еттің 11%, сүттің 12%-ы Түркістан облысының үлесіне тиеді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ақпаратқа сәйкес, осы жылдың 10 айында аймақта мал басы және оның өнімділігі орта есеппен 5%-ға өскен.

"Ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой мен ешкі 2,5%-ға, жылқы 10,2%-ға, түйе 7,1%-ға, құс 12,9%-ға ұлғайды. 194,8 мың тонна ет, 681 мың тонна сүт, 219,5 млн дана жұмыртқа өндірілді. "СҚО тәжірибесін тираждау" мақсатында биыл облыста сүт-тауарлы фермаларын жеңілдетілген несиелеуге республикалық бюджеттен 6 млрд теңге қаржы қарастырылып, 3 ірі инвестициялық жоба дайындалды", - делінген ведомствоның мәліметінде.

Атап өтер болсақ, "400 басқа сүт тауарлы фермасын ұлғайту" жобасы бойынша "Бөрте Милка" ЖШС, "400 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салу" жобасы – "BNK AGRO KZ" ЖШС, "600 бастық сүт-тауарлы фермасын салу" жобасы – "Sultan Agro Group" ЖШС.

Түркістан облысында жалпы 9183 бірлік бордақылау алаңы бар. 2024 жылы жалпы алаңы 160 гектарды құрайтын австралиялық жобамен 50 мың басты мал бордақылау алаңын іске асыру көзделген. Жоба құны 8,5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Бұдан бөлек аймақ ет экспорты бойынша да көш бастады. Жыл басынан бері 10,0 мың тонна ірі қара мал еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілген. Биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша 27 бағытқа 10650825 мың теңге қаражат қаралып, 11 айда 8332000 мың теңгеге қолдау көрсетілді. Бүгінде түркістандық шаруаларға мемлекеттік қолдау тетіктері жалғасып келеді.

Сауран ауданында орналасқан шаруа қожалығының иесі Сағи Исмаилов мемлекет тарапынан берілетін қолдауға көңілі толатынын жеткізді.

"Түйе, ірі қара мал, жылқы шаруашылығымен айналысамын. Өзімнің шаруа қожалығыма келетін болсам, сиырдан субсидиямды алып отырмын. Егістік жағынан селитра, тыңайтқыштар үшін толық субсидия беріліп отыр. Жалпы мемлекеттік қолдауға көңілім толады. Ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек", - деді Сағи Исмаилов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу