ҰБТ-да сүрінген түлектерге есікті жабудың қажеті жоқ – депутат

1212

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаевтың айтуынша ҰБТ-да шекті балды ала алмаған оқушылардың біразы қазір күйзелісте жүр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

ҰБТ-да сүрінген түлектерге есікті жабудың қажеті жоқ – депутат

"Биыл мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестті жаңа форматта тапсырды. Қажет болса тесті қайта тапсыруға мүмкіндік алды. Мұның бәрі дұрыс, бірақ ата-аналар ҰБТ-ны қайта тапсыру мерзімінің белгісіздігіне байланысты депутаттарға жүгініп жатыр. Белгілі болғандай, бұл мерзім нормативті түрде анықталмаған, бірақ ауызша тамыз айының соңы деп аталды. Ал күйзеліс түлектердің көрсеткішінің нашарлауына ықпал еткенін атап өткен жөн", – деді депутат Саттар Ерубаев вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында. 

Оның келтірген мәліметіне сәйкес, 15 маусымдағы тестте 160 мыңға жуық оқушының 60 мыңнан астамы шекті еңсере алмаған. Ал 1200-ге жуық түлек тестілеуге мүлде жіберілмеген.

"Бұл балалардың көбі мектепте жақсы көрсеткіштерге ие. Тесттің нашар нәтижесін өте ауыр қабылдады. Отбасылардың көбі мемлекеттік органдарды, қашықтықтан оқытудың төмен сапасын кінәлап, наразылық білдірді. Мұндай шағымдардың объективті негізі барын мойындау керек. Сонымен қатар, ата-аналар балаларының осынау алғашқы үлкен сәтсіздігіне деген реакциясына алаңдап жатыр. Түлектер эмоционалды күйзелісті сезінеді, ата-аналары мен табысты сыныптастарының алдында ұятқа қалып жатыр. Өткен жылдардың статистикасын бәріміз білеміз, қанша түлек стресске төтеп бере алмай, төтенше шараларға барды. Құдай сақтасын одан", – дейді депутат.

Саттар Ерубаев бұл балалар қылмыскер еместігін, қоғам алдында ештеңеге кінәсіз, лайықты білім алуға және өмірде жетістікке жетуге деген ниеті барын айтады. 

"Біздің жастарымызды азаптап емес, табандылықпен жігерлендірген дұрыс болар еді. Тарих алғашқы емтихандарды сәтсіз аяқтаған, бірақ үлкен биіктерге жеткен табысты мемлекет қайраткерлері мен кәсіпкерлердің көптеген мысалдарын біледі. Мысалы, әлемдегі ең бай адамдардың бірі "Әли баба" Дүниежүзілік сауда интернет жүйесін жасаушы Джек Ма университетке түсу емтихандарын 10 рет тапсыра алмапты. Ал ұлы ғалым Альберт Эйнштейн мектепте топас оқушы деп есептелетін. Иә, кейбір балалардың дарынын көпшілік жүре бара байқайды. Мақтанышымыз Димаш Құдайбергенде соған айқын дәлел. Сондықтан біздің түлектеріміздің алдында есік жабудың қажеті жоқ. Олардың арасында болашақ жетекшілер, таланттар, не жай лайықты азаматтар шығуы мүмкін", – деп атап өтті ол.

Депутат шетелдік жоғары оқу орындары түлектерді ҰБТ-сыз, өз ережелері бойынша қабылдайтынын да еске салды. Қайта тапсырудың алшақтауының әсері, кейбір талапкерлердің Қытай, Латвия, Чехия, Венгрия, Украина және тағы басқа елдердің университеттердің жанындағы дайындық курстарына баруына мәжбүрлейді. Ресейдің бірқатар жоғары оқу орындары жылдың басынан бастап ең жақсы оқушыларды шақыра бастаған, сол себепті мыңдаған дарынды балалар Қазақстаннан ҰБТ-ға дейін кетеді.

"Осылайша, біз ҰБТ-ны қайта тапсырудың кешіктірілуі ештеңемен негізделмеген және айқын тәуекелдерге алып келеді деп есептейміз. Осыған байланысты, құрметті Ералы Лұқпанұлы, сізден шұғыл түрде білім министрлігіне қайта тестілеуді қысқа уақыт ішінде  ұйымдастыруды және осы мәселені жеке бақылауға алуды тапсыруыңызды сұраймыз.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу