Үкімет Ұлттық қордың қаржысын депутаттардың мақұлдауынсыз пайдаланып жатыр

370

Енді Ұлттық қорда жатқан қаражатты Үкімет өздері тікелей басқарады. Бұрынғыдай Парламентке барып, депутаттардың мақұлдауын сұрап жүрмейді. 

Үкімет Ұлттық қордың қаржысын депутаттардың мақұлдауынсыз пайдаланып жатыр Фото: primeminister.kz

Құзіреттілік берілгені сол еді, Смайылов пен оның командасы күні кеше Ұлттық қордың есебінен Қазмұнайгаз акцияларын сатып алды. Кабминнің бұл қадамын құптағандар да, даттағандар да болды. 

Күні кеше ғана Ұлттық банк Ұлттық қордың есебінен Қазмұнайгаз акциялары сатып алғанын хабарлады.  Бірақ осы сауда жайында не Үкімет, не ұлттық банк толыққанды ақпарат берген емес. Тек республикалық бюджетке трансферт бөлу және компания құнды қағаздарын сатып алу үшін қордан 1,5 млрд доллар сатылғаны жазылды. Бірақ нақты ҚазМұнайГаз акциясы осынша соммаға алынды деген ақпарат жоқ. Мұны біз осы сауданы жасаған Ұлттық банк басшысынан білуге тырыстық. 

"Олардың бюджет түсімдері жеткіліксіз болғандықтан ҚазМұнайГаз акциясын инвестициялауды сұрап отыр. Біз тек қана Ұлттық қорды басқарамыз. Ал Ұлттық қордың қожайыны ол үкімет", - дейді ҚР Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов. 

Сонымен Ұлттық қордың қожайыны енді Үкімет. Бұрында солай еді. Бірақ қор қаражатын алу үшін папкаларын құшақтап, Смайыловтан бастап бүкіл министрлер Мәжіліс пен Сенатқа баратын. Депутаттардың мақұлдауын сұрайтын. Тек содан кейін қорға қол салатын еді. Енді Парламенттің рұқсаты бес тиын. Өткен жылдың соңында басқару схемасы өзгерді. Тіпті Ұлттық қордан Самұрық-Қазынаға тікелей несие беруге де рұқсат. Бұл мәселеге келгенде сарапшылардың пікірі екіге жарылды. 

"Мен депутаттарға Ұлттық қордың ақшасын сеніп тапсырмас едім. Осы жағынан олар араласпай қойғаны дұрыс. Экономикалық біліктілікті қажет ететін сауалдарға ұлттық банк пен үкіметтің шамасы жетеді деп ойлаймын", - дейді сарапшы Бауыржан Мұқанов.

Экономист Ғалымжан Айтқазин сатылымынан түскен қаражат компания иелігінде болса, онда республикалық бюджетті толтыруға қандай қатысы бары түсініксіз, дейді. 

"ҚазМұнайГаз компаниясы өз пайдасын арттырып, келешекте "Самұрық-Қазына" қоры арқылы мемлекетке көбірек дивидендтер төлеуі мүмкін. Тек содан кейін ғана оларды республикалық бюджетке бағыттауы ықтимал. Бірақ бұл схеманың көптеген делдалдары мен тәуекелдері бар", - дейді экономист. 

Айта кетейік, Үкімет Ұлттық қор қаржысын 7 жыл тікелей басқару мүмкіндігіне ие болып отыр. Құзіреті кеңейген соң, алғашқы қадам жасалды. Жоғарыда айтқандай бірінші рет қордың ақшасына ҚазМұнайГаз акциясы алынды. Ақыры Смайыловтың түсініктеме беруін сұрадық. 

"Ол не үшін керек. Ол ертеңгі күні жаңағы Ұлттық қор балаларға деген бағдарламаны тиімді іске асыру үшін Ұлттық қордың табыстары жоғары болуы керек. Сондықтан ҚазМұнайГаздың қағаздары да сол акциялардың ішіне кіреді. ҚазМұнайГаздың бағамы қазір өсуде. Және ол табысты деп есептеледі. Сондықтан бұл дұрыс қадам", - дейді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов. 

Премьер-министр де акцияның құнын айтпады. Қаржы министріне сілтеді. Белгілісі нарықтық бағамен салыстырғанда арзанға алынған. Қазір ҚазМұнайГаз акциялары 11 мың теңгенің үстінде тұрғанын айта кетейік. Негізі Тоқаев үкіметке Ұлттық қор қаржысын 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізу тапсырылды. Смайылов бұл соның қамы деп түсіндірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу