Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша есебі Сенатқа жіберілді

545

Мәжіліс Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша жылдық қорытынды есебін тыңдады.

Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша есебі Сенатқа жіберілді Фото: gov.kz

Дауыс беру қорытындысы бойынша қатысып отырған 94 депутаттың екеуі дауыс бермеді. 73-і жақтаса, он екі депутат қарсы дауыс берді. Тағы 7 депутат қалыс қалды, деп жазады inbusiness.kz.

"Үкіметтің есебін жыл сайын тыңдап келе жатырмыз. Үкімет жылдан-жылға бюджеттің жоғары деңгейде игеріліп жатқаны туралы мақтанышпен баяндайды. Игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де жыл сайын өзгермейді. Өзгеретіндері тек баяндамашылар мен сұрақ қоятын адамдар. Енді біз бұл цифрларға үкіметтің қалай жеткенін жақсы біліп отырмыз ғой. Ол туралы бүгін айтылды. Бюджетті сегіз рет түзетудің және бір рет нақтылаудың арқасында қол жеткіздік деген әңгіме бүгін айтылды. Бюджет бір жылда 1 трлн теңгеге түзетіліпті. Осындай "тамаша" цифрлардың артында не тұр? Уақытылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр, салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Бұл тек бір салаға ғана қатысты айтып отырмын", - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов. 

Ол мұндай мысалдарды басқа салалардан көптеп келтіруге болатынын жеткізді. 

"Мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Өмір сүру сапасына бұл көрсеткіштер тікелей әсер етеді. Осыны ұмытпауымыз керек. (...) Бүгін бағдарламалардың орындаушылары тендерлердің ұзаққа созылуы мен тағы да басқа сылтауларды айтып ақталып жатыр. Бұл жағдай жылдан-жылға қайталанып отыр. Мұның бәрі жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. Ондай жағдайларды болдырмау үшін алдын алу шараларын осы уақыттан бастап қолға алуымыз керек", - деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Айта кету керек, осыған дейін ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Төрайымы Наталья Годунова министрліктердің даму жоспарлары мен бюджеттік бағдарламаларын сынға алғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу