Орталық референдум комиссиясының кезекті отырысында екі елде дауыс беру учаскелері ашылмайтыны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін 64 елде 82 референдум учаскесі ашылатынын жазған едік. Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар бойынша елшісі Ерлан Әлімбаевтың айтуынша, Украина мен Эфиопияда дауыс беру учаскелері ашылмайды.
"64 елде емес, 62 елде 80 сайлау учаскесін тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұл халықаралық және геосаяси ахуалмен байланысты. Украина мен Эфиопияда дауыс беру өткізілмейді", – деді СІМ өкілі.
Ерлан Әлімбаев Украинада қазақстандықтардың саны күрт азайғанын, ол жақта 500-дей адам тіркелгенін айтты. Ал Эфиопияда небәрі 5 Қазақстан азаматы тіркеуде тұр. Олар елшілікте жұмыс істейді. Солардың ішінде екі азамат Каирде дауыс береді.
Айта кету керек, Конституция жобасы бойынша референдум өткізуге 20,8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Референдум 15 наурызда өтеді.